Үкімет басшысы 0,6% ғана өскен инвестиция туралы: Мемлекеттік органдардың сапасыз жұмысын көрсетеді 

Фото: Фото: 7-su.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы ел экономикасына салынған инвестициялар көлемін сынады.

«Биыл қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскен. Мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді. Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет, оған жеткілікті өкілеттіктер берілген. Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есе ұлғайту туралы ауқымды міндет қойды», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар алдына кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. 

Оның айтуынша, инвестиция экономиканың өсуін ынталандырады, сол сияқты жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Премьер-Министр инвестициялар жалпы ішкі өнімнің өсуінің негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты. 

«Сондықтан, дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру - негізгі фактор. Инвестиция тартудың біртұтас экожүйесін құру, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ жобаларды уақтылы іске асыру үшін жағдай жасау Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының көрсеткіші», - дейді ол.