- Агроөнеркәсіп кешенінде деректердің шашыраңқы болуы жер жағдайы мен өндірістің жай-күйінен бастап мемлекеттік қолдау мен өнімді сатуға дейінгі тұтас ахуалды бағалауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйені әзірлеу жұмысын жеделдетуі қажет. Онда барлық негізгі процестер мен деректер өзара байланысты болуға тиіс. Біз әркелкі салалық әкімшілендіруден ауыл шаруашылығын деректер негізінде басқаруға көшуіміз керек. Түптеп келгенде, қандай өнім, қай жерде және қандай көлемде өндіріледі, мемлекет осының бәрін нақты уақыт режимінде түсінуі қажет. Ал мемлекеттік қолдау шаралары атаулы түрде, ашық әрі нақты деректерге сүйене отырып ұсынылуы керек. Дәл осы тәсіл өнімділікті арттыруға негіз болуға тиіс, - деді О.Бектенов.
Осы орайда Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі бір ай ішінде шаруашылықтардың цифрлық деректерін пайдалана отырып, бірінші кезекте проактивті форматқа көшірілетін мемлекеттік қолдау шараларын айқындауы керек екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2029 жылға қарай IT-экспортты кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған.