Үкімет басшысы мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Инфляциялық қысымды төмендету маңызды міндет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: ҚР Үкіметі

- Маңызды міндет – инфляциялық қысымды төмендету. Наурыз айында инфляция 11 пайызға дейін төмендеді. Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын, сондай-ақ Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет, - деді ол.

Осы ретте Үкімет басшысы маңызды бағыттарда, оның ішінде азық-түлік өнімдерін шығаратын қолданыстағы өндірістерді локализациялау деңгейін арттырып, кеңейту керектігін баса айтты.

- Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтып, жылыжай, көкөніс және сүт өндірісін кеңейту, сондай-ақ қайта өңдеу деңгейін тереңдету бағытында қосымша шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсеткенін айтқан еді.