Үкімет басшысы мобильді байланыс нашар аумақтардағы кемшіліктерді жою мерзімдерін белгілеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарында мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты азаматтардың шағымдары әлі де бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: pexels

— Сонымен қатар ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарында мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты азаматтардың шағымдары әлі де бар. Бұл мәселе байланыстың сапасымен қатар қауіпсіздікке де тікелей қатысты. Проблемалық учаскелерді азаматтардың шағымдарынан кейін ғана емес, жүйелі түрде анықтап отыру қажет. Бүкіл ел аумағындағы байланыстың сапасы мен тұрақтылығы бойынша нақты ахуалды айқындау керек, — деді Олжас Бектенов.

Осы орайда Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігіне әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп, бір ай мерзімде байланыс сапасы нашар аумақтардың картасын қайта қарап, кемшіліктерді жоюдың нақты мерзімдерін белгілеуді тапсырды.

— Сонымен қатар операторлар жаңа базалық станцияларды орналастыру кезінде ұзаққа созылатын келісу рәсімдері сияқты түрлі қиындықтарға тап болуда. Азаматтар тарапынан да түсінбеушілік бар. Кейбірі қосымша антенналар орнатуды сұраса, енді бірі оларды алып тастауды талап етеді. Сондықтан халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Жасанды интеллект, Өнеркәсіп және Денсаулық сақтау министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, екі ай мерзімде жаңа базалық станциялар мен жабдықтарды орнату рәсімдерін оңтайландыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізсін, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тартады.