Үкімет басшысы ұшақтардың жиі кешігуін сынға алды

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов әуе компаниялары мен әуежай арасындағы келеңсіздіктен ұшақтарының жиі кешігетінін айтты.

— Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әуе апатын тергеу және оған жол бермеу шараларын қабылдауды жеке ведомство жүзеге асырады. Алайда министрлік заңнамаға қажетті түзетулер енгізуді ұзаққа созып жіберді, тездетіңіздер. Бұл қызмет биылдан қалмай жұмыс істеуге тиіс. Алдымызда 2028 жылға қарай Қазақстан арқылы жүктерді әуе көлігімен тасымалдау көлемін екі есе арттыру міндеті тұр. Сондықтан Көлік министрлігіне халықаралық нарықта лайықты орын алатын жүк тасымалдаушы ұлттық әуе компаниясын құру жұмысын жеделдетуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Одан әрі Премьер-министр ішкі әуе рейстерін арттыру керектігін айтты. 

— Сондай-ақ халықаралық ұшу сапарларының географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ ұшақтар жиі кешігеді. Көбіне бұл әуе компаниялары мен әуежайлардың арасындағы ретсіз жұмыстардың кесірінен туындап жатады. Сондықтан министрлікке өзара іс-қимылдың тиісті тетіктерін пысықтауды тапсырамын, — дейді ол.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов әуе тасымалына қатысты арыз-шағымның көп екенін мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар Қазақстанда жыл соңына дейін Көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құрылатыны айтылды.