Депутат сауалында адам бейітке арналған жерді заңсыз беретіндерге жаза тағайындау керектігі айтылған болатын.
— Үкімет бейітке арналған жер телімін заңсыз беріп сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтайды. Оның ішінде заңнамалық актілерге түзету енгізу мүмкіндіктері де қарастырылады, — деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Сондай-ақ, Премьер-министр әр марқұмға 6 шаршы метр жер мемлекеттен тегін берілетіні айтылған.
— Жер кодексі 109-бабының 3-тармағы бойынша бейітке арнап жалпы қолданысқа алынған жер қорынан белгілі бір мекенде қайтыс болған тұрғынды немесе нақты тұратын орны жоқ марқұмды жерлеу үшін 6 шаршы метрден кем болмайтын телім тегін беріледі, — деп жазады Олжас Бектенов.
Жауапта діни жоралғылармен байланысты қызметтер әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің санатына кірмейтіндіктен оның бағасын мемлекет реттемейтіні айтылған.
— Бұл нарықта лицензиялау тетігі жоқ болғандықтан қызмет әкімшілері бейіт аумағында көрсетілетін қызметтердің бағасын өздері белгілейді, — делінген жауапта.
Бейітке арналған бос телімдерді анықтау үшін Жария кадастрлық картаның қызметіне жүгінуге болады.
— Жылжымайтын мүлікпен, жермен байланысты мәмлелерді жасау үшін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрынан (https://map.gov4c.kz/egkn/ — ред.) бос және иесі бар телімдерді онлайн режимде көруге болады, — деп жазылған Премьер-министрдің жауабында.
Айта кетелік Алматыда жерлеу қызметі қанша тұратынын жазған едік.