Үкімет Бірыңғай мемлекеттік алимент қорын құру бастамасын қолдамады

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет Бірыңғай мемлекеттік алимент қорын құру идеясын қолдамады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Сондай-ақ, құжатта Премьер-Министр мемлекеттің кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын сақтау және қорғау, оның ішінде әлеуметтік көмек алу бойынша шаралар қабылдап жатқанын түсіндірді. Бұл ретте балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы мен міндеті болып саналады (ҚР Конституциясының 27-бабы).

«Бұдан басқа, қор құру борышкерлер санының өсуіне, некені бұзудың жасанды түрде ұлғаюына, ата-ана міндеттемелерін орындаудан жалтаруға әкелуі мүмкін, бұл ретте қор алдындағы берешекті өтеу де даулы болып қала береді», - деп толықтырды Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында.

Үкімет басшысы шетелдік тәжірибені талдау арқылы мұндай құрылымды құру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді, яғни қорды басқару жөніндегі арнайы құрылым жасауды, қосымша штат ашуды талап ететінін көрсеткенін жеткізді.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент өндірудің қолданыстағы тетіктерін күшейту қажет деп санаймыз», - деп қорытындылады Олжас Бектенов.