Үкімет бүгін «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылуын талқылайды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда министрлер кабинетінің мүшелері Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асырылу барысын талқыға салады.

Отырыс барысында негізгі баяндаманы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жасайды. Министр осы жылдың басынан бері экологиялық бастама аясында жүзеге асырылған республикалық және халықаралық акциялардың нәтижелеріне баса назар аудартады. Сондай-ақ өткен жылы іске қосылған @TazaQazBot телеграмм-чат-ботына тұрғындар тарапынан ең көп түсетін мәселелерді атайды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеу үшін заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталады. Елді мекендерді көгалдандыру және елдің ормандылығын арттыру мәселелеріне де назар аудартады.

Жиын қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтеді. Онда мына лауазымды тұлғалар БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді:

  • Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев;
  • Экология және табиғи ресурстар вице-министрлері Нұркен Шәрбиев пен Жомарт Әлиев;
  • қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері.

Үкімет отырысы PrimeMinister.kz сайтынан, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында тікелей көрсетіледі.

Баспасөз конференциясының тікелей эфирі YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде жүреді.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде алғаш рет 2024 жылдың 6 сәуірі мен 11 мамыры аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткен болатын. Ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылды. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналды. Сол кезде сәуірдің 13-не дейін өткізілген «Таза өлке» апталығы барысында аумақтар мен тұрғын үй аулалары тазартылды. Одан кейінгі «Киелі мекен» апталығы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. «Жасыл аймақ» апталығы ағаш көшеттерін отырғызумен, екпелерді ақтаумен аталып өтті. Ал «Өнегелі ұрпақ» апталығы кезінде ардагерлер мен қарттар үйлерінің аумағы мен ауласы тазартылып, абаттандырылды. Соңғы «Мөлдір бұлақ» апталығы барысында су айдындары - өзен, көлдердің жағасы күл-қоқыстан тазартылды.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ сол жылы 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Ол мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылады:

  • экологиялық ойлау және мінез-құлық, соның ішінде ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары;
  • экологиялық білім;
  • экологиялық білім және ақпараттық насихат.

Әрбір бағыт бойынша тұжырымдаманы іске асыру бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингілеуге және қажет болған жағдайда оларды түзетуге мүмкіндік беретін тиісті индикаторлар айқындалды.

Өткен жылы Алматыдағы Ғылым ордасында сөз сөйлеген Президент қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы - жай науқан емес, халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба екендігін баса айтқан болатын.

Фото: Ақорда

- Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс. Аз уақыт ішінде 2,5 млн астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек, - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы бұл бастаманың маңыздылығын алқалы жиындарда үнемі айтып келеді. Тіпті, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, өзі де елордамызда ұйымдастырылатын экологиялық акцияларға қатысып тұрады.

Фото: Ақорда

Мәселен, осы жылдың сәуірінде Астанада өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау - әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші екенін атап өтті. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.

Айта кетейік, жыл басында өткен Үкімет отырысында «Таза Қазақстан» бастамасының бір жылдағы нәтижесі қаралып, онда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев негізгі баяндама жасаған еді. Оның дерегінше, «Таза Қазақстан» бастамасының аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.