Үкімет деңгейінен орталық мемлекеттік органдарға 21 функция қайта бөлінеді — заң
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Заңның мақсаты — статистика, мемлекеттік бақылау, әкімшілік реформа, халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау.
«Қаралып отырған заң мемлекеттік бақылау әрі статистика, деректерді басқару, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі мәселелерін, сондай-ақ әкімшілік реформа және артық заңнамалық регламенттеуді алып тастау мәселелерін реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған. Заң 5 кодекс пен 36 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Мемлекеттік статистика саласын дамыту аясында деректерді жинау, өңдеу және оларды цифрландыру процестерін трансформациялау, әкімшілік әрі балама көздерді белсенді пайдалану есебінен респонденттерге есепті жүктемені азайту, ұлттық деректердің сапасын арттыру мен оларды бірнеше рет пайдалану мүмкіндігіне түзетулер енгізіледі», — деді сенатор Серік Шайдаров.
Оның айтуынша, деректерді басқаруды дамыту саласын жетілдіру аясында қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталықтарын құру бойынша, оның ішінде бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және сатып алу, деректерді өңдеу орталықтарының мәртебесін реттеу үшін оңайлатылған тәртіпті енгізу жолымен заңнамалық реттеуші құралдар енгізіледі. Бұдан басқа, өкілеттіктерді орталықсыздандыру бөлігінде әкімшілік реформаны іске асыру мақсатында бірқатар түзетулер енгізілді. Мәселен, Үкімет деңгейінен орталық мемлекеттік органдарға 21 функцияны және орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға 12 функцияны қайта бөлу ескерілген. Сондай-ақ, түзетулерде ономастика және аймақтық рәміздерді бекіту мәселелерін реттеу қарастырылған.
«Артық заңнамалық регламенттеуді алып тастау аясында Әділет министрлігінің құзыреттерін алып тастау бөлігінде, уәкілетті органның ережесіне ауыстырылатын бірқатар заңдарға, сондай-ақ «Құқықтық актілер туралы» Заңның талаптарына сәйкес заңдардың мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын енгізу бөлігінде түзетулер енгізіледі. Әлеуметтік кодекске халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін және оның құзыреттерін бекіту бөлігінде түзетулер енгізіледі. Бюджет кодексіне қанатқақты режимде блоктық бюджетті енгізуге қатысты түзетулер енгізіледі. Блоктық бюджетті енгізу және оның жұмысы қағидаларын, сондай-ақ блоктық бюджетті пайдаланатын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды», — деді депутат.
Ұлттық статистика жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша түзетулерге тоқталсақ, статистикалық жұмыстардың үш жылға арналған жоспарын бекіте отырып, статистикалық қызметті қысқа мерзімді жоспарлаудан орта мерзімді жоспарлауға көшу қарастырылған.
Әкімшілік реформаны іске асыру аясында Үкіметтің бірқатар функцияларын орталық мемлекеттік органдарға беру ескерілген:
1) Ұлттық экономика министрлігіне:
— кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;
2) Сауда және интеграция министрлігіне:
— таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін және оны енгізу күнін айқындау;
3) Энергетика министрлігіне:
— тіркелген тарифтер мен шекті аукциондық бағаларды айқындау қағидаларын бекіту және басқалар.
Бұл ретте, орталық мемлекеттік органдар функцияларының бір бөлігі жергілікті атқарушы органдарға беріледі, оның ішінде:
— жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ақпараттандыру саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
— байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасын бақылау;
— жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау және басқалар.