Үкімет киік санын реттеу мәселесін аңшылық қожалықтарға да беруге қарсы — Мәжіліс депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаттарының киік санын реттеу мәселесін аңшылық қожалықтарға да беру ұсынысына Үкімет қарсылық танытты. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов айтты.

Фото: Мәжіліс

Айта кетейік, палатаның жалпы отырысында «Аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Талқылау барысында депутаттар баяндамашыдан құжат аясында киік санын реттеу үшін тағы қандай шаралар қолданылатын сұраған еді. 

— Қазіргі таңда киік санын реттеу мәселесі түбегейлі монополия ретінде «Охотзоопром» мекемесіне берілген. Бірақ, біздің пікіріміз өзгеше. Киік басы 5 млн-нан асып кеткеннен кейін олардың санын реттеу ауыл шаруашылығы қожалықтары үшін де түбегейлі мәселе болып тұр. Сондықтан біз өз ұсынысымызды берген едік. Реттеу мәселесі тек «Охотзоопром» мекемесінде ғана болмауы керек. Одан басқа аңшылық қожалықтар бар. Соларға да аңшылық әдіспен киік санын реттеуді беруді ұсындық. Бірақ, Үкімет бізді қолдаған жоқ. Сондықтан бұл мәселе әлі ашық қалып отыр, — деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылы киік популяциясының санын реттеу аясында табиғи ортадан 196 173 киік ауланғанын мәлім еткен еді.