Үкімет Қызылорда облысындағы егін алқаптарын сумен қамтуға 1 млрд теңге бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет резервінен Қызылорда облысының қажеттіліктері үшін 53 жылжымалы дизельді сорғы станасын сатып алуға шамамен 1 млрд теңге бөлінді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық секторды тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асты.
Мамандардың есебінше, жаңа жабдық магистральді арналарда су деңгейі төмен болған күннің өзінде 6 мыңнан астам гектар жерді суарып тұруға мүмкіндік береді. Сорғы стансалары магистральді және шаруашылықтар аралығындағы арналардан ішкі шаруашылық желілеріне су жіберу үшін қолданылады.
Өңірде 126,4 мыңнан астам гектар жерге суармалы егін егілген, оның 82,4 мың гектары күріш. Ағымдағы суару маусымында жоспарланған су көлемі 2,5 млрд текше метр құрайды.
Облыс әкімдігі «Қазсушар» РМК-нің Қызылорда филиалымен бірлесе арнайы мониторинг тобын жасақтап, Сырдариядан келіп жатқан су көлеміне сәйкес, бес магистральді және үш шаруашылықтар аралығындағы арналарға су беру кестесін әзірлеп, бекітті.
Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешені трансшекаралық су ресурстарына тікелей тәуелді екенін ескере отырып, өңірді тұрақты түрде сумен қамтамасыз етіп, астық өнімділігін және азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мемлекеттің басты міндеті боп қалады.
Еске сала кетейік, суару маусымы басталғалы ауыл шаруашылығының қажеттілігіне 8 млрд текше метрден астам су жіберілді.