Үкімет көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын пысықтайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібіне көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы шығарылып отыр.
Отырыс аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров тілшілер тарапынан туындайтын сауалдарға жан-жақты жауап береді.
Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау өткен жылдың 1 қазанында басталды. Қаржыландырудың ерте басталуы диқандарға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Қаражат жанар-жағармайды тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталмақ.
Жеңілдікті қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге ғана емес, сондай-ақ орақ науқанына және маусымдық шығындарды өтеуге де қолжетімді. Қаражат ел бойынша Аграрлық несие корпорациясының өңірлік бөлімшелері және серіктес қаржы ұйымдары арқылы ұсынылады.
Бүгінде 2 429 ауыл шаруашылығы өнімін өндірушіден 312,4 миллиард теңге көлемінде өтінімдер іріктелді. Қазіргі уақытқа дейін 200 миллиард теңге сомасына 1 879 өтінім қаржыландырылып, 2,4 миллион гектар егіс алқабы қамтылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін сыйақы мөлшерлемесі - жылына 5 пайыз.
Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігі іске асырылып жатыр, ол несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 86 миллиард теңге сомасына 526 кепілдік берілді.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында экономиканы одан ары әртараптандыру тәсілдері қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтуынша, ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың жалпы ішкі өнімге қатынасы қазіргі 14-15 пайыздан 2029 жылы 23 пайызға дейін ұлғаяды.
- Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс. Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша 120 млрд АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар 400 млрд АҚШ долларына жетеді, - деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзіне қарағанда, орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалып отырғанын айтты. Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыз болса, 2024 жылы ол 12,4 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5 пайыздан 12 пайызға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5 пайыздан 8,1 пайызға дейін қысқарды.
Осы орайда Премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық өсімді ынталандыруға қаржы бөлу бағытында жұмыс істеу қажеттігін ескертті.
- Қазір көптеген ел экономикалық өсімді ынталандыруға қыруар қаржы бөліп жатыр. Мен өзіңізге, Серік Мақашұлы (Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин - ред.) тиісті ақпаратты жібердім. Германия бойынша, басқа да елдер осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бізге де осы бағытта жұмыс істеу керек. Бізге қарқынды экономикалық өсім керек. Әрине, сапасы да болуы қажет. Бірақ, қарқыны өте маңызды. Сондықтан жұмыстарыңызды жалғастыра беріңіздер, - деді Үкімет басшысы.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәліметінше, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы тұрақты әрі серпінді даму бағытын көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1 пайызға өсті. Негізгі капиталға инвестициялар 2 есеге артып, 389 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың 11 айында қайта өңделген өнім экспорты 3,2 млрд АҚШ долларын құрап, 33,8 пайызға өсті.
- Осылайша, өсімдік шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әлемдік нарықта сұранысқа ие әрі жоғары рентабельді дақылдарға көшу жүргізілуде. Бүгінде майлы дақылдар өсімдік шаруашылығының табыстылық драйверіне айналды. 2025 жылы олардың өнімі алғаш рет 4,9 млн тоннаға жетіп, 48 пайызға өсті. Оның ішінде күнбағыс – 39, зығыр – 77 пайызға, рапс 2,2 есеге артты. Сонымен қатар далалық жұмыстарды жүргізуге жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 12 айдан 15 айға дейінгі мерзімге жеңілдетілген кредиттер бөлінуде. Олардың қайтарымдылығы шамамен 99 пайызды құрайды, - деді ол.
Алайда, Үкімет басшысы ішкі нарықты тамақ өнімдерімен әлі күнге толық қамтамасыз ете алмай отырғанымызды ашық айтты.
– Нәтижелер бар деп айтуға болады. Бірақ, осы бағытта, яғни тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Мүмкіндіктер бар, - деген Олжас Бектенов тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету керектігін ескертті.
Отырыста Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында тұрақты оң динамика байқалатынын атап өтті. Оның мәліметінше, бүгінде отандық өндірушілер ішкі нарықтың 90 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Елімізде 12 брендтің тракторларын шығаратын 10 зауыт және жалпы қуаттылықтағы 35 мың ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жиырмадан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
- Былтыр John Deere американдық брендінің ауыл шаруашылығы техникасы шығарыла бастады. Сонымен қатар, өткен жылдың қарашасында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында John Deere-мен 3 мыңнан астам техника өндірісін локализациялау, сервис орталықтарын құру жөнінде стратегиялық келісімге қол қойылды, - деді ол.
Ал Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында 2026-2033 жылдарға қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау, салу және іске қосу жоспарланғанын айтты. Бұл еліміздің мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
- 2033 жылы төртінші мұнай өңдеу зауыты есебімен авиакеросиннің тапшылығын жою және көршілес елдерге дизель отыны мен бензинді экспорттау жоспарланған. Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу тереңдігі 89%-дан 94%-ға артады, ал жаңа зауытта 95%-ды құрайды, отынның сапасы да К4-тен К5 класына дейін көтеріледі, - деп нақтылады ол.
Талқыланған мәселені түйіндеген Премьер-министр өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажеттігіне назар аудартты.
- Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым, яғни бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуды тапсырамын. Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер перспективті инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен, ресурстармен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етсін, - деді Олжас Бектенов.