Үкімет комиссиясы Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады

Фото: Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Ақтауға барып, ТЖ орнына бағыт алды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Одан кейін Қанат Бозымбаев ауруханаға зардап шеккендерге барады. Шетелдік әріптестерімен кездеседі, сондай-ақ штаб отырысын өткізеді. Барлық қызмет – ТЖ, криминалист-сарапшылар, прокуратура органдары шұғыл режимде жұмыс істейді. 

Фото: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды. 

Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.

Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.

ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.

ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы Ақтауда Баку-Грозный рейсінде болған ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы ақпаратты жаңартты.

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге телефон соқты. Президент Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлесу барысында AZAL жолаушылар ұшағының Ақтауда апатқа ұшырауына байланысты Санкт-Петербургте өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитіне қатыса алмайтынын айтты.

Әлиев Ақтаудағы ұшақ апаты салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Сондай-ақ Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыров Ақтау түбінде болған ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.