Үкімет қуаңшылық қаупіне қарсы дайындықты күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау және АӨК-ті дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты.

Фото: АШМ

Жиын қорытындысында Премьер-министр Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және АӨК-ті жоғары технологиялық экспорттық салаға айналдыру жөніндегі алға қойған міндетін жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

— Өсімдік шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр, ал біздің міндетіміз — осы қарқынды сақтап, одан әрі арттыра түсу. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және Экология министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әсіресе қуаңшылық қаупі бар аймақтарда егістіктерді сумен қамтамасыз ету жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және өнімді сақтап қалу үшін жедел шаралар қабылдау керек. Барлық агротехнологиялық талаптар белгіленген ғылыми нормаларға қатаң сәйкес орындалуы тиіс. Минералды тыңайтқыштарды уақтылы енгізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізуге ерекше назар аудару керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі ретінде мал шаруашылығы саласының зор әлеуеті бар екені атап өтілді.

Оның жүйелі дамуы үшін биыл 5 жылға арналған, бүкіл өндірістік тізбек бойынша жеңілдетілген қаржыландыруды көздейтін Кешенді жоспар бекітілді.

Мал шаруашылығының барлық кіші салалары мен санаттарына 220 млрд теңге бағытталатын болады. Ірі қара және ұсақ малдың асыл тұқымды басын сатып алуға арналған «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімдері іске қосылды, олардың бекітілген мөлшерлемесі 6%-дан аспайды.

Мал айдау шаруашылығын ынталандыру мақсатында жайылым инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылуда. Айналым қаражатын толықтыруға арналған 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы қолжетімді.

Осы бағытта әкімдіктерге жұмысты күшейтіп, жер ресурстары айтарлықтай ірі шаруашылықтардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану тапсырылды.

Айта кетелік Бектенов жұмыс орындарын ашпаған жер иелерінен жер қайтарылатынын ескерткен еді