Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы» ЗТБ президенті Қайрат Еламанов, Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева, «Astana Motors мотор компаниясы» ЖШС бас директоры Бекнұр Несіпбаев, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директорының орынбасары Әділ Шәйкемелов тілшілер сұрағына жауап береді.
Айта кетейік, бұған дейін Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында аталған салаға байланысты мәлімдеме жасаған еді. Оның сөзінше, өткен жылы Қазақстандағы теміржол машина жасау өндірісі 22,5 пайызға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті.
— Теміржол машина жасау — отандық машина жасау саласының жетекші бағыттарының бірі. Бүгінде оның машина жасау өнеркәсібіндегі үлесі 13 пайызды құрайды. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етеді, — деді министр.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда вагон паркін жаңарту бағдарламалары аясында салаға инвестиция көлемі артқан.
— Нәтижесінде Wabtec, Alstom және Stadler секілді әлемдік жетекші компаниялар Қазақстанда өндірісін жолға қойды. Жекелеген өнім түрлері бойынша жергіліктендіру деңгейі 35-40 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыс отандық кәсіпорындармен әріптестікті кеңейту, жаңа қосалқы бөлшектер өндірісін игеру және бірлескен жобаларды дамыту арқылы жалғасып жатыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрдің мәліметінше, биылғы бес айда вагондардың барлық түрі бойынша өсім сақталған.
— Өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кемінде 9 пайызға өсті. Кей өнім түрлері бойынша көрсеткіш 1,7 есеге артты. Тек локомотив өндірісі 17,5 пайызға төмендеді, — деді ол.
Соған қарамастан, жыл қорытындысында сала өткен жылғы деңгейін сақтап, басқа өнім түрлерінің есебінен аздаған өсім көрсетуі мүмкін.
— Саланың дамуына соңғы жылдары іске асырылған ірі инвестициялық жобалар айтарлықтай серпін берді, — деді министр.
Сонымен қатар, өткен айда Сенатта «Машина жасау және көлік мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды.
Құжат отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілетін арттыруға, арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін күшейтуге, өнеркәсіптік кластерлерді дамытуға және Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейсін ашуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырмақ.
Аталған заң 2024 жылы Қостанай қаласында машина жасау саласын дамыту мәселелері туралы дөңгелек үстелде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев берген тапсырманы орындау аясында әзірленген.
— Заңның мақсаты — машина жасау саласындағы заңнаманы жетілдіру, авиация саласындағы заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ көлік саласындағы мемлекеттік органдар қызметін бюрократиядан арылту. Бұл үшін Қазақстан Республикасының 2 кодексі мен 13 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, — деді Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов палатаның жалпы отырысында.
Машина жасау саласын дамыту аясында отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттігін арттыруға, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін күшейтуге, өндірістің технологиялық үдерістерін жетілдіруге және өзге де бағыттарды дамытуға арналған нормалар көзделген.
— Өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу үшін бірқатар түзету қарастырылған. Өнеркәсіптік кластерлер негізінде еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын және орта кәсіпорындардың қатысуымен өндірісті кооперациялау қағидаты жатыр. Бұл индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін жобаларды бірлесіп іске асыруға және салаға ортақ логистика, инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету сияқты мәселелерді бірлесе шешуге ынталандыруға мүмкіндік береді, — деді Ш. Бұқтұғұтов.
Сондай-ақ заңда арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер бар.
Жаңашылдықтардың бірі ретінде арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін қарсы міндеттемелер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру кезеңінде қазақстандық тауарларды пайдалану, сондай-ақ өндірілетін өнімде отандық шикізат пен материалдарды қолдану талаптары белгіленеді.
— Түзетулердің келесі блогы көлік құралдарының құрамдас бөліктерін өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерге қатысты. Бұл норма Қазақстанда өндірілген көлік құралдарының шассилерін міндетті түрде пайдалану арқылы көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасының өндіріс көлемін арттыру мақсатында ұсынылды, — дейді депутат.
Сонымен қатар, заңда өндірістік қуаттардың балансын бағалау тетігі енгізіледі. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп отырған, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары бар кезде жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге жол бермеу мақсатында көзделіп отыр.
— Авиация саласын дамыту аясында түзетулер Қазақстан әуе кемелерінің шет мемлекеттердің әуе кеңістігіндегі ұшуларын реттейді. Сондай-ақ авиакомпанияларға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарына сәйкес, Қазақстан заңнамасының жекелеген талаптарынан уақытша босату тетігін енгізуді және басқа да шараларды көздейді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты — авиациялық қауіпсіздік деңгейі бойынша халықаралық бағалаудан сәтті өтіп, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу, — деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да машина жасау саласының өсу қарқыны бір жарым есе артқанын жазғанбыз.