Үкімет отандық тауарларды қолдау және дамыту шараларына назар аударады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері отандық тауарларды қолдау және ілгерілету бағытындағы жұмыстарды талқыға салады.

Фото: Үкімет

Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Онда ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов тілшілер сұрағына жауап береді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық тауарлар каталогында 29 млн тауар тіркелгенін жазғанбыз.

1 шілдеден бастап Қазақстанда Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізудің өтпелі кезеңі толық аяқталды.

Ұлттық тауарлар каталогы — Қазақстанда өндірілетін және импортталатын тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай мемлекеттік деректер базасы. Әрбір тауарға бірегей NTIN сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код тауарды нақты сәйкестендіруге мүмкіндік береді және электрондық шот-фактураларды, ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу кезінде, бақылау-касса машиналарында, сондай-ақ мемлекеттік және коммерциялық ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл барысында қолданылады. ҰТК тауарлар туралы мәліметтерді біріздендіріп, тауар айналымының барлық кезеңінде деректер сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

ҰТК-ны міндетті қолдануға дайындық кезеңінде жүйенің функционалдық мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын тауар карточкаларын қабылдау, құру және сүйемелдеу үшін «бір терезе» қағидаты іске асырылып, бұл бюджеттік ұйымдарға өнім жеткізушілердің жұмысын жеңілдетті. Тауарлардың мемлекеттік сипаттамаларын құрылымдық өңдеу енгізіліп, каталогтың сыртқы ақпараттық жүйелермен өзара ықпалдастығы анағұрлым сенімді әрі тұрақты болды. Өтінімдерді өңдеу және оларды қайта келісімдеу процестері жетілдірілді, тауарлардың мемлекеттік және пайдаланушылық сипаттамаларымен жұмыс істеу мүмкіндіктері кеңейтілді. Сонымен қатар, тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау жүйесінің функционалы мен тауарларды іздеу тетіктері де одан әрі дамытылды.

Пайдаланушылардың қолайлылығына да ерекше назар аударылды. Кеңейтілген тауар карточкасы мен мемлекеттік сипаттамалар интерфейсі түсінікті әрі функционалды бола түсті. Бұл жаңартулардың барлығы тауарлық деректерді басқару сапасын жақсартып, негізгі бизнес-процестерді жеделдетуге және каталогпен жұмысты анағұрлым ыңғайлы әрі сенімді етуге мүмкіндік берді.

2026 жылдың 1 қаңтарынан шілде айына дейінгі алты ай ішінде каталог барлық негізгі көрсеткіш бойынша айтарлықтай өсім көрсетті. Тіркелген тауарлардың жалпы саны 17,7 миллионнан 29 миллионға дейін ұлғайып, 60%-дан астам өсім көрсетті. Осы кезеңде GTIN коды берілген тауарлар саны 7,8 миллионнан 16,2 миллионға дейін өсіп, іс жүзінде екі есеге артты. Жүйеде тіркелген пайдаланушылар саны 39,3 мыңнан 64,9 мыңға дейін көбейіп, шамамен 65%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер қазақстандық бизнестің каталогпен жұмысты барған сайын белсенді пайдаланып жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлер оны заңнама талаптарын орындау құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар есеп жүргізу, логистика және сату процестерін тиімді ұйымдастыруға арналған ыңғайлы құрал ретінде де қолдануда.

Бүгінде каталогтағы тауар санаттарының ішінде ең үлкен үлесті киім-кешек пен күнделікті тұтыну тауарлары, көлік құралдары мен көлік жабдықтары, сондай-ақ инженерлік жүйелерге арналған жабдықтар мен материалдар құрайды. Тіркелген карточкалардың басым бөлігі дәл осы топтарға тиесілі. СЭҚ ТН кодтары бойынша жеңіл өнеркәсіп өнімдері — киім-кешек пен трикотаж бұйымдары, аяқ киім және тоқыма өнімдері көш бастап тұр. Бұл, жалпы алғанда, Қазақстандағы бөлшек сауда мен импорт құрылымын көрсетеді.

Ұлттық тауарлар каталогын міндетті пайдалануға көшу Қазақстанда тауарлар туралы деректердің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бірыңғай анықтамалықты пайдалану тауарлар туралы ақпараттың сапасын арттыруға, қайталанатын жазбалар мен қателерді азайтуға, өнімді сәйкестендірудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз етуге және сауда, логистика мен мемлекеттік сервистерді одан әрі цифрландыруға негіз қалауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Қазақстанның тауарлар экспорты көлемі жарты жылда 30,4 млрд долларға жетті. Бұл жөнінде өткен айда Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген еді.

— Биыл қаңтар-мамырда сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд доллар болды. Тауарлар экспорты 30,4 млрд долларға жетті, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты — 11,8 млрд доллар. Тауарлар импорты 26 млрд доллар болды. 4,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталып отыр, — деді ол.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі өсімнің негізгі драйверлерінің бірі болып отыр.

— Өндіріс көлемінің өсуі 9,8% болды. Бұл биылғы қаңтар-мамырдағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғары 17 өңірде өсу тіркелді. Экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасып жатыр, — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен бірге, оның сөзінше, басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне көзделген 1 трлн теңгенің бүгінгі таңда 398 млрд теңгесі бөлінді. Холдинг жалпы сомасы 5,1 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды.

— Қосымша, Ұлттық экономика министрлігі барлық негізгі шикізат сегменттері бойынша 10 кеңейтілген салалық талдау дайындады.
Олардың негізінде металлургия, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы және агроөнеркәсіптік кешендегі 231 перспективалық жобаның пулы қалыптастырылды. Әлеуетті стратегиялық серіктестер ретінде қарастырылатын 200 жетекші шетелдік компанияның тізімі жасалды. Осы жылдың наурызынан бері жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысы бойынша 40 халықаралық компания қызығушылық танытты. Алдағы айларда әрбір сегменттегі әлеуетті стратегиялық серіктестермен нақты келіссөздер басталады, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, бұған дейін өндіріске қажетті импорттық тауарлар тізімі кеңейтілуі мүмкін екенін жазғанбыз.