Үкімет отырысында қандай мәселе қаралмақ

Фото: Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін сағат 10:00–де Үкіметтің кезекті отырысы өтеді. Күн тәртібіне өткен жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелесі шығарылып отыр.

Министрлер кабинеті отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша негізгі мәліметтерді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ұсынады. Министр өткен жылғы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірді тұтыну жоспарына тоқталып, алдағы жылыту маусымына көмірді үздіксіз жеткізу жоспары әзірленіп, жергілікті атқарушы органдарға, ҚТЖ және көмір компанияларына жолданғанын атап өтеді. Сондай-ақ ол жыл сайын жылу және су жабдықтары мен су бұру жүйелерінің тозуына байланысты технологиялық апат туындау қаупі бар өңірлерді атайды. Мұнан бөлек, Ерсайын Нағаспаев алдағы жылу маусымына дайындалу мақсатында министрліктің іс-шаралар жоспары дайындалғанын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген міндеттерге тоқталады.

Фото: Үкімет

Ал отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына:

  • Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев;
  • Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысады.

Олар БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жан-жақты жауап береді.

Үкімет отырысының тікелей таратылымы PrimeMinister.kz сайтында, YouTube ресми арнасында, Facebook әлеуметтік желісінде, сондай-ақ UKIMET Telegram-каналында жүреді.

Баспасөз конференциясының тікелей таратылымы YouTube ресми арнасында және Facebook әлеуметтік желісінде көрсетіледі.

Айта кетейік, 20 мамырда өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелесі талқыланған еді. 

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сол уақытта Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылының аяқталуы, мектеп және техникалық білім беру жүйесіндегі нәтижелер, сондай-ақ балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы баяндады

Министрдің айтуынша, биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтайды. Оның ішінде бастауыш сыныпты — 391 мың, негізгі мектепті — 364 мың бала бітіреді. 

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің жай-күйі, ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) басталуы, студенттерді қолдау шаралары және бөлінетін гранттар туралы айтты. Қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алып жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектеп медицинасының дамуы, санитарлық бақылаудың күшеюі және балалар лагерлерінің сауықтыру маусымына дайындығы туралы айтты. Елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Әр мектеп емханаға бекітілген және мейіргермен 95% қамтамасыз етілген.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ал Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Үкімет отырысында демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жыл сайын өрт қауіпсіздігіне байланысты білім беру нысандары тексеріліп, тәжірибелік жаттығулар өткізілетінін атап өтті.

Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға жазғы кезеңде балалардың толыққанды демалуы мен сауығуы үшін қажетті жағдайлар жасауды тапсырды.

— Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көпбалалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр әкімдерге және бірқатар министрлікке мынадай тапсырма берді:

  • балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алу;
  • Денсаулық сақтау министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың тамақтануын тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ету; 
  • Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдықтарының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына оқыту ұйымдастыру
  • Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекіту; 
  • Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесін назарда ұстау;
  • Ұйымдастырылмаған жиындарда спортшы-оқушылар мінген көліктердің жиі жол апатына түсу жағдайларына байланысты олардың тиісті келісулер, рұқсаттарсыз және патрульдік полиция бастап жүрмесе, өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеу
  • Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері мен өңір әкімдіктері жазғы демалыс кезінде тиісті қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

Барлық ұйымдастыру мәселесі 1 маусымға дейін шешімін табуы керек.

Мұнан бөлек, Премьер-Министр келесі тапсырмаларға жеке тоқталды:

  • өңірлердің әкімдіктері мен Оқу-ағарту министрлігі — Мемлекет басшысының сауықтыру лагерлері мен балалардың инновациялық шығармашылық орталықтарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды жеделдетсін. Барлық нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс;
  • Туризм министрлігі — балалар туризмінің географиясын кеңейту үшін әкімдіктермен өңіраралық өзара іс-қимылды жолға қоюы қажет.

— Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.