Үкімет отставкаға кетеді, құрамында бірқатар өзгеріс болады – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететінін және құрамында бірқатар өзгеріс болатынын айтты. Президент мұндай кадрлық шешімдердің мақсаты – біреуді қызметтен босату емес, Үкімет жұмысына тың серпін беру екенін айтты.

Фото: Ақорда

– Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатуға тиіс. Соған сай Министрлер кабинеті жасақталады. Жаңа Үкіметтің бағыт-бағдары мен міндеттері жөнінде не айтасыз? – деп сұрақ қойды журналист Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте.

Өз жауабында Президент Үкіметтің барынша табанды, жедел жұмыс атқарып, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап отырғанын айтты.

– Дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Нарықтың сын-қатерлеріне мұқият назар аударып, ең бастысы, тиісті деңгейде төтеп беруіміз керек. Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін Үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл Үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді, – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мәселе біреуді орнынан босатуда емес.

– Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын. Әсіресе, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы контент немесе мазмұн үшін ауыс-түйіс жасаудың қажеті жоқ. Кадрлық шешім шын мәнінде жұмысқа тың серпін беруі керек. Бәріміз айтып жүрген жаңғыру үдерісі үздіксіз жүргізілуге тиіс. Өйткені бұл күрделі процесті алға жетелеп отыру қажет. Бұл істе Үкімет маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Бұған дейін Президент «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.