«Баршаңызға мәлім, мен биылғы Жолдауымда еліміздің жаңа экономикалық бағдарын ұсындым. Басты қағидаттарымыз әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке болмақ. Яғни, біз қазір Жаңа экономикалық саясатқа жол ашып отырмыз. Негізгі мақсат – ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвестиция тарту. Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқауларын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл жұмыс Парламенттің жіті бақылауында болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өзгерістердің игілігін жақын арада еліміздің барлық азаматы көруге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан егемен мемлекет ретінде әрдайым ұлттық мүддесіне сай келетін салмақты әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізетіндігін баса айтты.
«Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін аймақтық және жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқарады. Біз әлемдік діндердің бір бірімен жақындасып, сындарлы диалог орнатуына күш саламыз. Қазіргі заманда мемлекеттердің ұжымдасып күш жұмылдыруы және дипломатияны даналықпен әрі жоғары кәсібилікпен жүргізуі әлемде ұзақ уақыт бойы тұрақтылық орнауына, елдердің жаппай дамуына, БҰҰ-ның Жарғысына негізделген әділетті халықаралық қатынастар жүйесі құрылуына жол ашады. Қазақстан «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанады», - деді Президент.