Кездесу барысында Үкімет басшысы Қазақстан мен Франция энергетика саласында байырғы стратегиялық әріптес екенін атап өтті.
«Orano – біздің осы бағыттағы маңызды және сенімді серіктесіміз. Компания Қазақстанда 27 жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл орайда, «КАТКО» бірлескен кәсіпорны – ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестіктің дәлелі. Біз ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастыруға дайынбыз», - деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Николас Мас Orano-ның Қазақстанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылығын білдірді.
«Қазіргі уақытта бізге екі тараптан да өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ете алатын ірі жобалар жетіспейді. Сол себепті бүгін мен қарым-қатынасымызды нақты жобалар негізінде жаңғыртуды ұсынғым келеді», - деді ол.
Сонымен қатар кездесуге ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Оrano S.A. – Францияның атом өнеркәсібінің ірі көшбасшы компаниясы. Қызметінің негізгі бағыттары атом энергетикасымен, яғни уран өндіру, өңдеу және байыту, ядролық отынды тасымалдау, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және т. б. байланысты.