Отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Онда ҚР ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов, ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов тілшілер сұрағына жауап береді.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беріп, ол өткен айда Мәжілістің жалпы отырысында талқыланған еді.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәлімдеуінше, былтыр республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңге болды.
Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттеме орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, ал әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді.
Сонымен қатар, ұлттық жобалар аясында 198 мектептің, және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студент үшін 30 жатақхана пайдалануға берілді.
Одан бөлек, былтыр барлық қаржыландыру көзі есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар да жалғасып келеді. 980 шақырым инженерлік — коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 6,3 мың шақырым желісі салынды және жөнделді.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы бюджет кірісіне теріс әсер еткен салалар аталған еді.