Үкімет сенаторларға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп береді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін тыңдап, бір Заңды талқыға салады.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айта кетерлігі, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бұл есептерін бұған дейін Мәжіліс депутаттары тыңдап, назарға алған еді. Сол кезде Үкімет атынан негізгі баяндаманы Қаржы министрі Мәди Тәкиев жасап, ал Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов республикалық бюджеттің атқарылуы барысында орын алған кемшіліктерді тізіп берген болатын.

Коллаж: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалды

Ал палата депутаттарының талқылауына шығарылып отырған Заң - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Бұл құжатты Мәжіліс өткен аптада қабылдады. Парламент депутаттары бастамашы болған заң еліміздің экологиясын одан әрі дамытуға бағытталған. Құжат экологиялық саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, көміртекті офсет тетіктерін дамыту, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру, сондай-ақ Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру шараларын көздейді.

Сондай-ақ заңда мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты жекелеген нормалар нақтыланады. Теңіздегі барлаудан басқа, инвестициялық жобалар мен көмірсутекті барлау жобалары үшін экологиялық рұқсат пен қорытынды алу мерзімдерін қысқарту көзделген. Көмірсутекті барлау, сондай-ақ газ бен оны қайта өңдеу өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін магистральдық құбыр арқылы тасымалдау қызметі I санаттағы объектілерден II санаттағы объектілерге жатқызылған.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы палата отырысында сенаторлар бірқатар салалық заңды қарап, халықаралық келісімдерді ратификациялады. Алдымен сенаторлар «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң мен ілеспе құжатты мақұлдады. Заңдар Мемлекет басшысының биылғы жылдың наурыз айында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында бір топ Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

- Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңі әділеттілік, ізгілік, заң үстемдігі және адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітті. Осыған орай қоғамдық қауіптілігі жоғары емес жекелеген құқық бұзу әрекеттерін жасаған адамдардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне қосымша мүмкіндік беру туралы оң шешім қабылданып, арнайы заң енгізіліп отыр. Рақымшылық жауаптылық қағидатынан бас тартуды білдірмейді, керісінше, заңда нақты белгіленген жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі саналады. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың жекелеген санаттарына қатысты гуманизмнің біржолғы актісін жүргізуді көздейді. Қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстылық жауаптылықтан босатылуға жатады, - деді құжат бойынша баяндама жасаған сенатор Мұрат Қадырбек.

Коллаж: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалған

Мұнан бөлек, Сенат бал ара шаруашылығын дамытуға, қорғаныс, әскери қызмет, халықаралық әскери ынтымақтастық және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіруге, машина жасау мен авиацияны жандандыруға бағытталған Салалық заңдарды қабылдады.

Сенаторлар мақұлдаған халықаралық құжаттардың бірі - «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» Заң. Заң Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін толық көлемде орындауға және аталған Конвенцияның еліміз үшін толық көлемде күшіне енуін қамтамасыз етуге бағытталған. 1947 жылғы 21 қарашадағы Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция - Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің құқықтық мәртебесін айқындайтын және олардың тәуелсіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ететін негізгі халықаралық-құқықтық құжаттардың бірі. Конвенция мамандандырылған мекемелердің мүлкі мен активтеріне қатысты артықшылықтарды, салық және кедендік жеңілдіктерді, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларына берілетін иммунитеттер мен кепілдіктерді белгілейді.

Фото: freepik.com

Палата депутаттары мақұлдаған «Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мен ілеспе құжат Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі маңызды бастамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Екі заңның да негізгі міндеті - аталмыш Орталықтың толыққанды жұмыс істеуін құқықтық әрі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету. Келісім Орталықтың нақты мақсаттары мен міндеттерін бекітіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі агенттіктерінің қызметін бір шаңырақ астына біріктіру арқылы функциялардың қайталануын болдырмауды көздейді. Сонымен қатар аталған Келісім халықаралық конвенцияға сәйкес Орталық қызметкерлеріне тиісті артықшылықтар мен иммунитеттер беруді заңды түрде кепілдендіреді.

Сондай-ақ палата «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады. Құжат Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы 2001 жылғы 16 қарашадағы мемлекеттік шекара туралы шарттың ережелерін іске асыру аясында 2022 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан - Өзбекстан мемлекеттік шекарасын демаркациялау процесі аяқталып, демаркация туралы шартқа қол қойылғаннан кейін әзірленген. Сонымен бірге, жергілікті жерлерде мемлекеттік шекара сызығын нақты белгілеу аяқталып, екі мемлекет арасындағы шекарадағы қатынастарды реттеудің қажетті халықаралық-құқықтық негізі қалыптасқан.