Бұл дерек Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен инфляция бағасын тұрақтандыру мәселесі жөніндегі кеңесте айтылды.
Маусым қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 10,3% (мамырда 10,4%). Орташа республикалық деңгейден жоғары жылдық инфляция деңгейі еліміздегі 11 өңірде байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу мен Ақмола облысында тіркелді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова хабарлағандай, шілде мен тамыз дәстүрлі түрде негізгі азық-түлік бағасын маусымдық тұрақтандыру кезеңі. Соңғы аптада қызанақ (-15,1%), қияр (-18,2%), сәбіз (-5,2%) және жұмыртқа (-2,4%) айтарлықтай арзандады. Сонымен қатар, кейбір ет өнімдеріне, қой етіне (2%), жылқы етіне (1,3%) және тартылған етке (0,6%) баға өсімі сақталып отыр.
Осыған байланысты Серік Жұманғарин Үкіметтің одан арғы іс-қимылын айқындау үшін өндіріс көлемін, ішкі тұтыну мен экспорттық жеткізілімді ескере отырып, ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды.
Бағаны одан әрі тұрақтандырудың негізгі факторының бірі ішкі өндірісті ұлғайту және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жақын арада нан пісіру саласының 40 кәсіпорны үшін электр энергиясына жеңілдетілген тарифті көздейтін нормативтік құқықтық акт күшіне енеді. Бұл шара өндірістік шығынды төмендетуге мүмкіндік беріп, нан-тоқаш өнімінің тұрақты бағасын сақтауға ықпал етеді.
Бұдан басқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ел ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының темір жол тасымалына 70% жеңілдік ұсынады. Жергілікті атқарушы органдарға осындай тасымалдарға мониторинг жүргізуді және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша қарсы міндеттемелерді қолдаудың осы шарасын алушылардың орындауын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Кеңесті қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нарық қатысушыларымен атаулы жұмысты күшейтуді тапсырды.
— Бағаның айтарлықтай өсуінің әрбір жағдайы бойынша жеткізілімнің барлық тізбегін талдау және қымбаттаудың себебін жою қажет. Бейінді министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілермен және импорттаушылармен кездесулер өткізуді, қолданыстағы кедергілерді айқындауды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдаған кезде мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын әзірлеуді тапсырамын. Дәл осындай жүйелі жұмысты тиісті нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер саласында да ұйымдастыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде көзделген шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұдан бөлек, вице-премьер ғылым және жоғары білім, сондай-ақ ағарту министрліктерімен білім беру қызметтерінің құнын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Осыдан бұрын ШҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 50-ге жуық кәсіпкер жауапқа тартылғанын жаздық.