Үкімет теміржол саласын дамыту және цифрландыру мәселесін пысықтайды

Фото: ҚР Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтеді. Күн тәртібіне - теміржол саласын дамыту және цифрландыру мәселесі шығарылып отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында:

- Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев,

- «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Естеріңізге сала кетсек, 31 шілдеде Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қазірдің өзінде көлік саласын цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан еді. 

— Көлік саласына келер болсақ, «Қазақстан темір жолы» ірі компанияның қатысуымен ауқымды цифрландыруды жүзеге асырып жатыр. Меніңше, ол жақта істелініп жатқан дүние бәрін таңқалдырады. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» компаниясы да осындай жұмыс істеп жатыр. Демек, ауқымды цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бұл бағыт еліміздің негізгі бағыттарының біріне кіреді, — деген еді ол.

Осы жылдың мамыр айында көлік-логистика саласын цифрлық трансформациялау бойынша ведомствоаралық жобалық топ құрылды. Оның құрамына Көлік, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Қаржы министрліктерінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Қазақстан темір жолы», сондай-ақ авиация және логистика салаларындағы ірі қатысушылардың өкілдері енді.

Топтың мақсаты — транзиттік және мультимодальды тасымалдардың тиімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді жоюға және саланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі цифрлық шешімдерді әзірлеу.

Жобалық топтың негізгі міндеттері:

- логистикадағы бизнес-процестерді реинжиниринг жасау;

- қолданыстағы ақпараттық жүйелерді талдау және интеграциялау;

- нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар дайындау;

- саланың мақсатты архитектурасы мен ИТ-инфрақұрылымын әзірлеу;

- стратегиялық нүктелерде, оның ішінде «Қорғас» ХШЫО-да цифрлық шешімдерді енгізу;

- «Қазақстан темір жолы» жүйелерінен Smart Data Ukimet мемлекеттік деректер жүйесіне логистикалық деректерді беру және өңдеуді қамтамасыз ету;

- халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, бейімдеу.

Айта кетейік, өткен аптадағы Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына дайындық мәселесі пысықталды. Алқалы жиында негізгі баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың дерегінше, биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады.  Мектеп бітіретін сыныпқа 232 мың оқушы өтті. Жаңа оқу жылының ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізілуі. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді. Балаларды мектепте қауіпсіз тамақтандыруды қамтамасыз етуге қатысты жаңа оқу жылынан бастап бірқатар оң өзгеріс қабылданды. Мәселен, білім ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілді, мәзір әзірлеу құзыреті білім басқармаларынан денсаулық сақтау басқармаларына өтті. Былтыр тестілеу кезеңінде тиімділігін дәлелдеген Kiva және «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламалары қыркүйектен бастап барлық мектептерде енгізіледі. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дерегінше, биыл 312 мектеп пен мектеп асханаларына тексеру жүргізілді, бұл мектептердің 4 пайызы ғана. Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша 246 нұсқама берілді, 117 адам жалпы сомасы 31 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 90 қызметкер жұмыстан шеттетілді, сотқа 8 материал жіберілді.

- 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандарт шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптарды қамтиды. Тамақтану стандартын іске асыру үшін мектепте тамақтануға арналған бірнеше нұсқалы үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды, - деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл ҰБТ-ға 210 мыңнан астам талапкер қатысты.  Оның ішінде 160 мың адам немесе 76 пайызы шекті балды еңсерді. Мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді. Биыл бакалавриат, магистратура, докторантураны есептегенде 93 мыңнан астам грант, оның ішінде 77 мыңнан астам грант бакалавриатқа бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99 пайыз көлемінде игерілді.

Саясат Нұрбек Президент тапсырмасына сәйкес, студенттерді қолдау аясында 2020 жылмен салыстырғанда студенттердің шәкіртақысы 2 есеге ұлғайғанын атап өтті.

– Жыл сайын 300 сараланған грант, пайызсыз несиелер беріледі. Биылдың маңызды жаңалығы – «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді. Мемлекеттік білім беру жүйесі аясында 134 мыңнан астам шот ашылды. Оның ішінде 34 768 салым «Келешек» жинақтау жүйесінің құралдарымен қосылды. Маңызды ақпарат – талапкерлерге мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлінетінін атап өткім келеді. Әкімдіктердің – 1 700-ден астам, жұмыс берушілердің – 400, Қазақстан халқына қорының – 500, ЖОО өздері бөлетін – 2 200 грант, - деді министр.

Ал Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов қазір оқу орындары 100 пайыз бейнебақылаумен жабдықталғанын, бірақ олардың тек 82 пайызы жедел басқару орталығына қосылғанын алға тартты. 

- Оның ішінде 72 пайызы – жекеменшік және 87 пайызы мемлекеттік мекемелер. Ең нашар көрсеткіш Жамбыл облысында, полицияға тек 16 пайызы қосылған. Сондай-ақ бірде-бір мемлекеттік білім беру ұйымы қосылмаған. Түркістан облысында – 50, оның ішінде жеке меншік объектілер бойынша – тек 17 пайыз, - деді ол.

Үкімет отырысынан қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды. Бұл тәрбие және оқыту жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді әрі жан-жақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Үкімет басшысы жерілікті және орталық атқарушы органдарға мынадай нақты тапсырмалар жүктеді:

– Ішкі істер министрлігі жаңа оқу жылынан бастап «Назар аударыңыз, балалар!» жедел алдын алу шараларын ұйымдастырып, өткізуі, оны бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуі тиіс.

- өңір әкімдіктері білім беру нысандарының маңындағы, әсіресе жаңадан пайдалануға берілетін мектептердің жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын күшейтуі қажет.

- Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірге жүйелі түрде профилактикалық сабақтар, атап айтқанда мектеп оқушыларымен негізгі қауіпсіздік ережелері, оның ішінде жолдағы қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар өткізуі керек.

- Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері білім беру бағдарламаларының практикалық бағытта болуына баса мән беру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ оқу нәтижелері үшін колледждер мен жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттыру бойынша шараларды пысықтауы тиіс.