Үкімет ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет 200-ден астам жобаны қамтитын ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлегенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

Фото: ҚР Үкіметі
«Жұмыс 2029 жылға дейін жалғасатын болады. Сол аралықта осы 200-ден астам жобаға 40 трлн теңгеден астам инвестиция жұмсалады», — деді вице-премьер.

17 жоба іске асырылып жатыр. Ол – энергетика, көлік, логистика, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалар. Биылдың өзінде 770 млрд теңгеге жуық инвестициялар осы жобаларға бағытталатын болады. 

Елімізде темір жол құрылысы жобалары жалғасып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» жолы басталды, Алматыны айналып өту жобасы қолға алынды. Сонымен қатар биыл жаңадан «Мақтаарал – Дарбаза», «Аягөз – Бақты» темір жолдары салынады. Бұл жобаның іске асырылуы еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыруға бағытталады.