Үкімет үйіндегі қарбалас: Кеңейтілген отырыстың объективке іліккен сәттері

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында не айтылғанын бүкіл БАҚ жарыса жазып, талқылап та тастады. Kazinform осы маңызды жиынға фотограф объективінің әйнегінен қарағанда қалай өткенін оқырманға сезіндіру үшін шағын репортаж ұсынуды жөн көрді.

Өткен жылдың көрсеткіштерін бағамдап, алдағы жоспарды пысықтайтын Үкіметтің кеңейтілген отырысына министрлер кабинеті мен аймақ басшылары түгел жиналды.

Фото: Ақорда

Жиын басталар сәтті күткен шенеуніктердің жүзінде алаңдау мен уайымнан гөрі көтеріңкі көңіл күй басым тәрізді көрінді.

Фото: Ақорда

Астана мен Алматы қаласының, Алматы, Жетісу облыстарының әкімдері бүкіл министрдің басын қосқан жиынды тиімді пайдалануға тырысты.

Фото: Ақорда

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов пен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің түріне қарап аса маңызды тақырыпта сөйлесіп тұр-ау деп болжауға болар еді.

Фото: Ақорда

Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев өзі бұрын басшылық еткен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Талғат Алдыбергеновпен жылы шырайда пікір алмасып үлгерді.

Фото: Ақорда

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жуықта ғана сайланған төрағасы Қанат Шарлапаевтың қолын ықыласпен қысқан сәті қырағы камерадан тыс қалмапты. Соған қарағанда ол Қанат Бисембайұлын бұған дейін жаңа лауазымымен құттықтап үлгермеген сыңайлы.

Фото: Ақорда

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтқанын бір құлағын тоса тыңдап тұр.

Фото: Ақорда

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «Қазпошта» басшысы Бағдат Сүлейменовтің әңгімесі жұмыс төңірегінде болған сияқты.

Фото: Ақорда

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Президенттің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі Мұрат Нұртілеу ерекше көңілді.

Фото: Ақорда

Бас прокурор Берік Асылов қай кездегідей бүкіл эмоциясын ішіне сақтап қана салқынқанды жүрді.

Фото: Ақорда

Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Райымбек Баталов Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке әлдебір мәселені ынты-шынтысымен түсіндіріп жатыр.

Фото: Ақорда

Жеңіс Қасымбек Қаржы министрі Мәди Такиевпен де тілдесіп үлгерді.

Фото: Ақорда

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысы Жанат Элимановпен көңілді рәуіште сөйлесіп тұрса да, қолын бауырына қусырып, жабық мимикадан шыға алмады.

Фото: Ақорда

Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова сабақ басталар сәтті күткен мұғалімдей сағатына қарай берді.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент отырысты бастаған сәттен бастап әкімдердің бәрі қолдарына қалам алып, айтылған әр мәселені үлгілі оқушыдай қойын дәптерлеріне түртіп алып отырды. Араларындағы Астана мен Алматы әкімдерінің жұмысы жақсы үлгі ретінде де аталды.

Фото: Ақорда

Соңғы кезде сарапшылар денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары «Мың бір түн» ертегісіне ұқсап кеткенін көп сынап жүр. Сол сын Ақордаға да жетсе керек, Мемлекет басшысы осы іске жауапты ведомство басшыларын орнынан тұрғызып, қадау-қадау тапсырма берді.

Фото: Ақорда

Бұған дейінгі кеңейтілген отырыстарда Премьер-министр мен Ұлттық банк басшысынан кейін экономикаға жауапты вице-премьер сөйлейтін. Бұл жолы Үкімет басшысының орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев сөз алды. Осыдан-ақ ел саясатында цифрландыруға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Президент бұл саладағы проблемаларға көбірек тоқталып, берілген әдемі уағдалар мен таныстырылған өршіл бастамалардың аяғы сиырқұймышақтанып бара жатқанын сынады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Аграрлық саясатқа жауапты Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та бұл отырыстан сын естіп шықты.

Фото: Ақорда

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет тарапына айтылған сынның бәрін тұнжырап тыңдағандай әсер қалдырды.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, елдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды.