Үкімет жұмысы Парламентке заң жобасын енгізумен аяқталмайды – Ерлан Қошанов

Фото: GOV.KZ

АСТАНА. KAZINFORM – Парламенттің 2-сессиясының жабылу рәсімінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктерді атады.

«Заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанып отыр. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Бұл туралы біз жылда айтамыз. Соның айқын мысалы — Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Мұның бәрі кодекс жобасының Парламентте қаралуын қиындатып, ұзаққа созылуына әсер етеді. Құрылыс кодексінің жобасы да осыған ұқсас. Бұл жайт баршаға белгілі. Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түсті. Депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі — ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе», — деді Мәжіліс спикері. 

Оның атап өтуінше, жобаларды енгізу мерзімі де жиі кешіктіріледі. 

«Мысалы, жаңағы айтқан Су кодексі былтыр наурыз айында енгізілуі керек еді. Алайда, ол бір жылға таяу уақыт шегеріліп, кеш енгізілді. Маңызды заң жобасының бірі Салық кодексі әлі енгізілген жоқ. Соның салдарынан депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт өте тығыз болғалы тұр. Құрметті Үкімет мүшелері, сіздердің жұмыстарыңыз Парламентке заң жобасын енгізумен аяқталмайды. Керісінше жұмыс сол уақытта басталады. Соны ескергендеріңіз жөн», — деді Ерлан Қошанов.

Палата төрағасы депутаттардың түзетулеріне қорытынды беру мерзімнің өзі бөлек мәселе екендігіне тоқталды.

«Ол да ұзаққа созылып кетіп жатады. Мемлекеттік органдар бұл әдеттен әлі арыла алмай келеді. Мысалы, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысын 8 айға дейін күтуге тура келді. Әскери-патриоттық туралы заң жобасы бойынша қорытындыны келісу 7 айға дейін созылып кетті. Тағы бір мәселе бізге ратификациялауға түсетін келісімдер мен шарттар мәтіндерінің өзара сәйкестігіне қатысты. Келіссөз жүргізіліп, еліміз үшін маңызды халықаралық, мемлекетаралық келісімдерге қол қойылады. Алайда, заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі. Сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне теріс әсер етеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік органның осы мәселеге ерекше назар аударуын сұраймын», — деді ол.