Үкіметте 5G желісін дамыту, Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық желілерді тарту мәселесі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен байланыс операторлары мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте телекоммуникация саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Ауылдық елді мекендерде байланыс желілерін орнату және Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық желілерді тарту жобаларын іске асыру барысы қаралды. Сондай-ақ 5G желілерін дамыту және Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығын орындау мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында Роман Скляр жобалардың орындалу қарқынын және сапалы интернетке қосылуды жеделдетуді тапсырды. Әкімдіктер мен байланыс операторларына антенна-діңгек құрылыстарын орнату бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тездетіп әзірлеу міндеті қойылды.

Деректерді тасымалдау мақсатында транзиттік әлеуетті арттыру үшін Каспий теңізінің табаны арқылы байланыс желілерін тарту және «Батыс – Шығыс» гипермагистралін салу жұмыстары жедел жүргізілетін болады.

Байланыс қызметтерін сапалы көрсету, интернеттің қолжетімділігі, сондай-ақ азаматтардың өтініштері бойынша кемшіліктерді жедел жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.