Үкіметте құрылыс көрсеткіштері артқан өңірлер аталды

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8%-ға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті.

- Тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі әртараптандыруға баса назар аударуды жалғастыру маңызды, бұл орташа табыс тұзағынан шығуға мүмкіндік береді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу машина жасау өндірісінің 21,9%-ға, оның ішінде автомобиль құрастырудың – 29,6%-ға және электр жабдықтарын өндірудің 31,3%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 12,6%-ға, сусындарды өндіру – 10%-ға, құрылыс материалдары өндірісі – 37,1%-ға, металл бұйымдары – 39,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 46%-ға, химия өнеркәсібі – 2,4%-ға ұлғайды. Бұл ретте металлургиядағы өндіріс 6,3%-ға төмендеді, - деді А. Әмрин. 

Сонымен қатар ол осы жылы экономиканың өсуі мұнай секторының оң үлесісіз қамтамасыз етілетінін атап өтті. Биылғы қаңтар-наурызда мұнай өндірудің 19,8%-ға және табиғи газ өндірудің 15,1%-ға қысқаруы есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 11,4%-ға төмендеді.

- Осы жылы мұнай өндірудің жалпы ішкі өнімге салымы бағалау бойынша минус 0,3 пайыздық тармақты құрайды. Сонымен бірге көмір өндіру – 12,8%-ға, металл кендерін өндіру – 0,6%-ға және өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 39,4%-ға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8%-ға өсті. Өсу 16 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Ақмола, Жетісу, Абай облыстарында байқалды. 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,8%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Абай, Қарағанды, Түркістан, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында байқалды, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.