Туризмді дамыту: Үкіметте үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес 2026 жылғы сәуірде туризм саласындағы орталық мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының жұмысын үйлестіретін тұрақты ведомствоаралық алаң ретінде құрылған.

Фото: Үкімет

Отырысқа Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Үйлестіру кеңесінің басты мақсаты – саладағы жүйелі кедергілерді жою, нақты қолданбалы шешімдер әзірлеу және туризм бағытындағы жобалардың іске асырылуын жеделдету. Кеңестің құрылуы туризм саласын кешенді басқару қажеттілігінен туындап отыр. Өйткені бұл бағыт инфрақұрылым, инвестиция, көлік, экология, визалық-көші-қон реттеуі және цифрландыру сияқты өзара байланысты бірнеше саланы қамтиды.

Жиын барысында туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков Туристік саланы дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жаңартылған іс-қимыл жоспарын таныстырды. Құжатта алты негізгі бағыт бойынша 61 іс-шара қарастырылған. Олардың қатарында инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, туристік өнімдерді қалыптастыру және саланы ілгерілету мәселелері бар.

Отырыста халықаралық қонақүй брендтерінің Қазақстан нарығындағы үлесін арттыру және еліміздің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда жүйелі түрде ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар автотуризм, ат туризмі, гастрономиялық туризм және MICE-туризм сияқты бағыттарды дамыту, іс-шаралар күнтізбесін жетілдіру және визалық саясатты оңтайландыру мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, аңшылық туризмнің әлеуеті мен оның дамуына кедергі келтіріп отырған факторлар талқыланды. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамыту, туристік жүктемені реттеу, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерін туристік айналымға енгізу мәселелері де кеңінен қарастырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева туризмнің ел экономикасын дамытуға тікелей ықпал ететін маңызды салалардың бірі екенін атап өтті. Ол өңірлермен өзара жұмысты күшейтуді, әр облыстың ерекшелігін, туристік әлеуетін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, нақты әрі егжей-тегжейлі жоспарлар әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда туризмге тартылған инвестициялар 1,2 трлн теңгеден асты.