Үкіметте жылу беру маусымына дайындығы төмен өңірлер аталды

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев нысандардың жылу беру маусымына дайындығы бойынша мәліметтерді жариялады.

- Барлық өңірлерде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір білім беру нысандарының дайындығы 92 пайызды құрап отыр (жоспар - 10 990, іс жүзінде - 10 104). Жоспардан қалып отырған екі өңір бар. Олар: Алматы (80%) және Қарағанды (76%) облыстары. Денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Дайындық 92 пайызды құрады, яғни бүгінгі таңда 5 720 нысанның шамамен 5 240-ы дайын. Алайда, төмен көрсеткіштер Қарағанды (77%), Алматы (76%) облыстарында байқалып отыр, - деді Е. Нағаспаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 43 877 үйде аяқталды, бұл жоспардың 84 пайызын құрайды (барлығы 52 105 үй). Шымкент қаласында (64%), Жамбыл (67%) тұрғын үйлердің дайындық деңгейі төмен.

Еске салсақ, жақында Ұлытау және Ақтөбе облыстарында жылыту маусымына дайындық барысы тексерілгенін жазған едік.