Үкіметтің 100 жаңа полигон салу жоспары қалай орындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2 973 полигон болған, алайда олардың 20%-ында ғана (608) қажетті рұқсат құжаттары бар. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтып берді.
− Олқылықты түзету үшін Үкімет 2023 жылы 100 жаңа полигон салу, жұмыс істеп тұрған 8 полигонды кеңейту және 5 полигонды рекультивацилау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Бүгінгі таңда әкімдіктер 7 жаңа нысан салып, пайдалануға берді, олар Қостанай облысының Лисаковск қаласында, Ақтөбе облысындағы Мәртөк, Қобда және Қараулкелді аудандарында, Қарағанды облысы Абай қаласында, Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында және Қызылорда облысының Сырдария ауданында, - деді М. Ошурбаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, 23 полигон бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды және тағы 18 жоба әзірленіп жатыр.
Оған қоса, министрлік 11 өңірде 43 полигон құрылысына қаражат бөлу мәселесін пысықтауда, оның болжамды жалпы құны – 53 млрд теңге.
Еске сала кетсек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен жылдан бері ел бойынша 1,4 млн тонна қалдық жиналып, 2,4 млн ағаш отырғызылды. Акцияға шамамен 9 млн адам қатысқан, оның ішінде 450 мың ерікті бар.
Былтыр Telegram-да іске қосылған @TazaQazBot тұрғындардың 22 мың шағымын қабылдады, оның 21 мыңнан астамы орындалды.