— Наурыз айында әлемдегі геосаяси шиеленіс жалғасып, шикізат нарықтарында жағдай құбылмалы болды. Дегенмен, ішкі экономикада оң үрдістер байқалды. Наурыздың қорытындысы бойынша іскерлік белсенділік индексі 49,5 тармақты құрады. Бұл бейтарап мәндерге жақын. Өндіріс пен қызметтер бойынша іскерлік белсенділік оң аймақта сақталды. Олардың индекстері тиісінше 50,5 және 50,7 тармақ болды. Бизнес климат индексі жақсарып, 4,7 тармақты құрады. Бұл ахуал оң бағаланып отыр. Наурызда жылдық инфляция төмендеп, 11 пайыз деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі ең көп үлес қосты — деді ол.
Оның айтуынша, жылдық көрсеткіш кейбір тамақ өнімдерінің әлемдегі жоғары бағасына және ішкі өндірістегі шығынның өсуіне байланысты 11,7 пайызды құрап отыр.
— Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,3 пайыз, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 10 пайыз болды. 2025 жылғы қазаннан бастап жылдық инфляцияның баяулауы байыпты қатаң ақша-кредит саясатына, теңге бағамының нығаюына, сондай-ақ Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына, атап айтқанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің және жанар-жағармай құнының көтерілуіне қойған мораторийге байланысты болды, — деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұған дейін биыл 3 айда жалпы ішкі өнім 3 пайызға өскенін жазған едік.