Үкіметтің ішкі қарыздарға қызмет көрсету шығындары 41 есе артқан

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов былтыр елдің сырттан қарыз тарту көрсеткіші 5,7 есе ұлғайғанын мәлім етті.

— 2024 жылы сырттан қарыз тарту 5,7 есе ұлғайды. Бұл стратегияның өзгергенін және валюта тәуекелдері өсуі ықтимал екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік және үкіметтік борыш ЖІӨ-ге қатысты лимиттер шегінде қалғанмен, абсолютті мәнде әжептәуір өскенін көрсетті, — деді ол Мәжілістегі отырыста.

Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің жұмысына да аудит жүргізген екен.

— Аудит кезеңінде ішкі қарыздар бойынша түсімдердің бастапқы жоспары мен бағалы қағаздар шығару графигінің арасында алшақтық анықталды. Мысалы, қазынашыл басқару шотында 250 млрд теңге қалдық бола тұра, сомасы 150 млрд теңге артық қарыз тарту бюджет шығындарына әкелді. Нақтырақ айтсақ, 39 күнге сыйақылардан түскен кіріс небәрі 24 млн теңге болса, қызмет көрсету шығындары 41 есе өсіп, 981 млн теңге болған. Осылайша, ішкі борышты басқару практикасы тиімсіз екенін көрсетіп, 2021-2023 жылдары ішкі қарыздарға қызмет көрсетудің сомасы 125 млрд теңгенің ықтимал шығындарын әкеліп отыр, — деді Нұрлан Нұржанов.

Сондай-ақ, ол Үкімет былтыр бюджеттің шығыс бөлігін 13 рет өзгерткенін атап өтті.