«Біздің сұрауымызбен бір жыл бұрын Бас прокуратурада кәсіпкерлермен жұмыс жөніндегі бөлім ашылған болатын. Бірақ онда бар-жоғы үш адам жұмыс жасайды. Ал біз кәсіпкерлерден 3 мың өтініш жинап үлердік. Қазір аудандар да қосылады. Өтініштер мен шағымдар санының өсе беретіні түсінікті. Біз Бас прокуратураның жеке департамент жасақтауын және мүмкін болса, бас прокурор орынбасарларының бірінің кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселесімен айналысуын ұсынып отырмыз», - деп мәлім етті Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында сөйлеген сөзінде ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов. Төрағаның сөзіне сүйенсек, бұл қосымша бюджет шығындарын талап етеді, алайда Палата бұл мәселені шешуде қолдау сұрап, үкіметке жүгінуге әзір. Ол Палата бас прокуратурамен белсенді түрде жұмыс жасап жатқанын және өздерінің прокуратура тарапынан қолдау көріп отырғанын, бұл жұмысты әрі қарай белсенділікпен жалғастыратындарын жеткізді. А.Мырзахметов бұл органның Палатаның өтініштері бойынша сот шешімдеріне 8 наразылық енгізгенін айта кетті. Басқарма төрағасының сөзінше, ҰКП Жоғарғы сотпен де ынтымақтастықты нығайта түспек, деп хабарлайды ҚР ҰКП. «Елбасы шағын және орта бизнес субъектілері, инвесторлар құқықтарын қорғаудағы сот жүйесінің орнының ерекше екендігін атап өткен еді. Екі апта бұрын Жоғарғы сот басшылығының шақыруымен біз Жоғарғы сот судьяларының, облыстық соттар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары басшыларының қатысуымен өткен селекторлық жиналысқа қатыстық. Конституцияға сәйкес сот төрелігін жолдау бойынша сот қызметіне араласуға жол берілмейді. Бүгінгі таңда біз екі жүйелік мәселе: тәуелсіз арбитраж бен салықтық және кедендік даулар бойынша тәуелсіз апелляцияларды дамыту бойынша бірлескен жұмыстар атқару туралы келісімге келдік», - деді палата басқармасының төрағасы.
08:14, 13 Қыркүйек 2014
ҰКП бизнесті қорғау мәселелерінде Бас прокуратурамен ынтымақтастығын нығайтпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Бас прокуратурамен бизнесті қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздеуде.