Оның айтуынша, ҰКП ҚР Парламентi мәжiлiсiне қайырымдылық, демеушiлiк және меценаттық туралы заң жобасын жолдаған.
"Бiз бұл заң жобасы қабылданса, оң әсер бередi деп есептеймiз. Себебi осы уақытқа дейiн қайырымдылық, меценаттық және демеушiлiк деген ұғым болған жоқ. Сондықтан да болар, ол еш ынталандырылмады", - дедi Н. Әлтаев.
"Заң жобасының аясында бiз қайырымдылықпен айналысатын кәсiпкерлерге салықтық жеңiлдiктердi 3 пайыздан 10 пайызға дейiн жоғарылатуды сұрап отырмыз", - дедi ол.
Оның сөзiне қарағанда, аталмыш заң жобасы кейбiр мемлекеттiк органдардың тарапынан белгiлi бiр қарсылыққа ие болуда, әсiресе Қаржы министрлiгi бұған оң қабақ танытпай отыр.
"Салықтық ынталандырулар бойынша жаңашылдықтар мемлекеттiк органдардың қарсылығына тап болып жатыр. Оның iшiнде Қаржы министрлiгi бұнымен келiспеуде. Заң қабылданса, салықтық түсiмдер азаятыны сөзсiз. 10 пайыз жеңiлдiк жасалып тұрса, бюджетке қаншама қаражат түспейдi деген сөз. Бiрақ мемлекет кейiн әлеуметтiк салаға қыруар қаражат салуға мәжбүр болып жатады. Сонда қаражаттың сонша сенделуi не үшiн керек? Ақшаны алып, кейiн бюджет есебiнен тендерлер жариялау... Кәсiпкерлердi ынталандыру арқылы ғана осының барлығын шешуге болар едi. Салықтан жиналған қаражатқа қарағанда, кәсiпкерлердiң бөлген қаржысы да әлдеқайда жоғары болады", - дейдi Әлтаев.
Оның хабарлауынша, Charity Aid Fondation (CAF) қоры жасаған зерттеу көрсеткендей, Қазақстан қайырымдылық көлемi бойынша 135 елдiң iшiнде 101-орында тұр.
"Бұл қазақстандықтар қайырымдылықпен айналыспайды деген сөз емес. Айналысады, бiрақ оның барлығы көлеңкеде, тасада қалып жатыр", - дедi ҰКП төрағасының орынбасары.
Бұның алдында хабарланғандай, Қазақстанның қайырымдылық саласында 2 млрд. теңгеден астам қаражат "көлеңкеде" қалып отыр.