Украина аумағы арқылы транзиттік тасымалдауда ҚТЖ - бірінші орында

None
АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Украина аумағы арқылы транзиттік тасымалдауда ҚТЖ бірінші орында тұр.

Украинада 2011 жылдың қорытындысына орай өткізілген 5-ші Ұлттық теңіз рейтингі байқауында «Транзиттік өсім» аталымы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ жеңімпаз атанды. Бұл туралы Одессада 16 аталым бойынша өткізілген  марапаттау салтанатында мәлім болды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

 Сала кәсіпорындарының 75 басшысынан құралған сарапшылар тобы аталым жеңімпаздарын анықтады.

2011 жылы Украина айлағы арқылы транзиттік тасымалдың 71,8 пайызын Ресей иемденсе, 20,2 пайызы Қазақстанның, 5,7 пайызы Беларустың үлесіне тиеді.

Сарапшылар транзиттік тасымалдау бойынша Қазақстан екінші орында тұрғанменен, өсу динамикасы жөнінен бірінші орында екендігін атап өтті. 2009-2011 жылдары Қазақстандық экспорт 6,35 миллион тоннадан 9,6 миллион тоннаға жеткен. Қазақстанның Украина айлағын пайдалануы экспорттық әлеуетінің зор қарқынмен өсіп келе жатқандығын көрсетеді.

Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2011 жылы қазақстандық экспорт 76,3 млрд. долларды құраған. Осыдан он жыл бұрын  экспорт 8,6 млрд. долларды құраған болатын.

Қазақстандық экспорттаушылар  Италия, Түркия, Бермуд аралдары, Қытай, Грекия, Египет, Үндістан арасындағы сауда байланыстары үшін Украина айлақтарын пайдаланып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстанның сыртқы қатынасында Ирак, Сербия, Марокко, Албания, Уганда, Бенин, Мозамбик секілді елдер пайда болды.

Украина айлағы арқылы Қазақстан экспортқа транзиттік тасымалының 83 пайызын мұнай және мұнай өнімдері (Түркия, Италия, Қытай) құрайды. Мұнайдың негізгі бөлігі Одесса порты арқылы өтеді. Ол 2011 жылы 4,8 миллион тоннаны құрады. Феодосий порты арқылы 1,67 млн. тонна болды. Қазақстанның негізгі транзиттік мұнай өнімдері Одесса порты арқылы (1,15 мың тонна) өтеді. Өткен жылы Севостополь балық портынан - 75 мың тонна, Феодосий теңіз портынан  44 мың тонна өткізілді.