Украина бойынша үшжақты кездесу наурызда өтетін болды — БАҚ
АСТАНА. KAZINFORM – Мәскеу, Киев және Вашингтон қатысатын Ресей-Украина қақтығысын реттеу бойынша үшжақты кездесу наурыз айының басына ауыстырылды, оның өткізілетін орны келісіліп жатыр.
Бұл туралы дереккөзге сілтеме жасап ТАСС ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұған дейін келіссөздің жаңа кезеңі 26 ақпанда Женевада өтуі мүмкін екені хабарланған. Алайда соңғы хабарламаларға сәйкес, сол күні АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз жоспарланған.
DW - нің жазуынша, 25 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, оның барысында Украина мен Ресей арасындағы келіссөз процесі талқыланды.
- Біз өкілдеріміз ертең Женевада екіжақты кездесуде жұмыс істейтін мәселелерді, сондай-ақ наурыз айының басында үшжақты форматта өтетін толық құрамдағы келіссөз жүргізуші топтардың келесі кездесуіне дайындықты талқыладық, - деп мәлімдеді Зеленский.
Ол телефон арқылы әңгімеге америкалық тараптан Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің де қатысқанын атап өтті.
Украина көшбасшысы Украина мен Ресейдің келесі кездесуі көшбасшылар деңгейінде келлісөз жүргізуге мүмкіндік береді деп үміттенетінін және мұндай қадамды Трамп та қолдайтынын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен аптада Женева қаласында Ресей, АҚШ және Украинаның қатысуымен украин қақтығысын реттеу жөніндегі келіссөздер өтті.