Украинаның Жоғарғы Радасы үкіметтің бұрынғы басшысы Арсений Яценюктің отставкаға кетуін құптап, премьер-министр лауазымына Владимир Гройсманның кандидатурасын бекітті.
Гройсман кандидатурасын 257 депутат қолдады. 50 адам қарсы дауыс берді.
Гройсман сәрсенбі күні премьер-министр болуға келісетінін мәлімдеді. Бұған дейін парламент спикері бұл лауазымнан бірнеше рет бас тартқан. Өйткені оның бұл қызметке тағайындалуына толық келісім болмаған еді.
Оның тағайындалуы бойынша соңғы келіссөздерді Рада сәрсенбі күні өткізді. Парламенттегі "Петр Порошенко блогы" фракциясының басшысы Юрий Луценко айтқандай, осы жерде үкімет құрамы келісілді.
Гройсман 2014 жылдың қарашасында Жоғарғы Рада төрағасы болып сайланған. Осы уақытқа дейін үкіметте вице-премьер лауазымында, сонымен қатар Украинаның өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы министрі болды.