Украина үкіметі отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Украинаның Жоғарғы радасы Премьер-министр Юлия Свириденконың отставкасын қолдады. Онымен бірге Үкіметтің бүкіл құрамы да автоматты түрде қызметінен кетті, деп хабарлайды Ukrinform .

Фото: Ukrinform

Тиісті шешімді 258 депутат қолдап дауыс берді.

Дауыс беру алдында парламентте сөз сөйлеген Юлия Свириденко депутаттар мен мемлекеттік органдарға бірлескен жұмысы үшін, Украина Президентіне білдірген сенімі үшін, ал ел азаматтарына қолдауы мен еңбегі үшін алғыс айтты.

Ол Үкімет қызметінің негізгі бағыты халықты қолдау, энергетика, білім беру, көлік, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ ел ішінде қоныс аударған азаматтарға көмек көрсету болғанын атап өтті.

Премьер-министрмен бірге бірінші вице-премьер — Энергетика министрі Денис Шмыгаль, вице-премьерлер және министрлер де өкілеттіктерін тоқтатты.

Жоғарғы рада төрағасы Руслан Стефанчук Юлия Свириденкоға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, соңғы бір жылдағы парламент пен Үкімет арасындағы өзара ынтымақтастықты жоғары бағалады.

Ukrinform агенттігінің мәліметінше, жаңа Үкімет құрамын тағайындау мәселесі 16 шілдеде қаралады. Осы уақытқа дейін Министрлер кабинетінің басшысы міндетін Денис Шмыгаль уақытша атқарады.

Юлия Свириденко Украина Премьер-министрі қызметіне 2025 жылғы 17 шілдеде тағайындалған болатын.