«Үкімет шешім қабылдады. Әңгіме Ресей әуе кеңістігі арқылы бірқатар елдерге: Әзербайжан, Грузия, Армения, Түркияға ұшатын украиндық авиакомпаниялардың транзиттік рейстерін тоқтату жайында болып отыр», - деді бейсенбі күні үкімет отырысында премьер-министр.
Медведев Ресей транссібірлік ұшулар ережелерін қайта қарауға әзірленіп жатқанын хабарлады. Оған сәйкес батыс компаниялары Азияға ұшу жолын қысқарту үшін Сібір аумағының үстінен ұшу құқығы үшін «Аэрофлотқа» ұшу роялтиін төлейді. «Біздің ел транссібірлік маршрутты пайдалану ережелерін қайта қарауға, яғни транссібірлік маршруттардың қолданыстағы жүйесін жаңғыртудың келісілген ережелерінің күшін жоюға әзір», - деді РФ үкіметінің басшысы. «Мұндай жағдайларда Ресей үкіметі бірқатар жауапты қадамдарды қарайды. Оларды атап өтейін, алайда олар бірден енгізіле қоймайды: бұл Шығыс Азия өңірлеріне, яғни Азиялық-Тынық мұхиты аймағына еуропалық, америкалық авиакомпаниялардың транзиттік рейсі үшін Ресейдің әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу», - деп түсіндірді Медведев.
Ресейдің украиндық авиакомпаниялардың өз аумағынан транзиттік ұшуларға тыйым салуы мүмкін екені туралы 6 тамызда құпия тұлғалар мен Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып ИТАР-ТАСС хабарлаған болатын. Агенттіктің дереккөздері Мәскеу еуропалық авиакомпанияларға қарсы шараларды, оның ішінде Сібір аумағының үстінен ұшуға қатысты шараларды қатаңдатуы мүмкін екендігін мәлімдеді. «Әңгіме, мысалы, ұшуға уақытша негізде рұқсат берілген, яғни әуе қатынасы туралы келісімде белгіленгеннен тыс бірқатар жүк және жолаушылар тасымалдайтын авиакомпаниялардың чартерлік рейстерін тоқтату жайында болуы мүмкін», деп атап өтілген дереккөзде. Ресейде алғаш рет еуропалық авиатасымалдаушыларға Сібірден ұшып өтуге тыйым салуы мүмкін екені туралы 5 тамызда «Ведомости» газеті жазды. Ықтимал тыйым салу салдарынан ең көп British Airways, Lufthansa, Air France зардап шегеді. Тыйым салу туралы жаңалық Мәскеу биржасында «Аэрофлот» акцияларының құлдырауына әкелді. 6 тамызда Еурокомиссияның Германиядағы өкілі Рихард Кюнель ЕО өз авиакомпанияларының ұшақтарының Сібірдің үстінен ұшып өтуіне тыйым салынуына жауап ретінде ресейлік авиатасымалдаушыларға қарсы шектеулер енгізулері мүмкін екендігін мәлімдеді. Ресей билігінің авиациядағы әрекеті ЕО-ның «Добролетке» қатысты санкциясына жауапты қадамы болды. Брюссель «Аэрофлоттың» еншілес ұйымын шілденің аяғында санкция тізіміне енгізген.