2020 жылы «Плацдарм» әскери-тарихи мұраларды зерттеулер қауымдастығы» қоғамдық ұйымы Донецк облысы аумағында соғыс жүрген орындардан 110 кеңестік әскери қызметшінің сүйегін тапқан болатын.
Олардың 8-і табылған медальдар, капсулалар, құжат үзінділері арқылы аты-жөндері анықталды. Сегіз жауынгердің қатарында анықталғандардың бірі 1913 жылы дүниеге келген қазақ Үкекбай Базарбаев болып шықты. Ол 39-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 12-ші гвардиялық атқыштар полкі сапында соғысқа қатысқан. Ұрыс барысындағы батылдығы үшін «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Қазақстан Елшілігі Үкекбай Базарбаевтың сүйегін Атамекенінде қайта жерлеу үшін туыстарына жеткізетін болады.