Мәселен, «Аэрофлот» шамамен 35 бағытын Украинадан айналып өтуге ауыстырды. Олардың қатарында ең танымал туристік елдер Болгария, Хорватия және Грекияға Мәскеуден шығатын рейстер бар. Бұған қоса, орташа ұшу ұзақтығы 15-20 минутқа артып отыр. «Трансаэро» компаниясы да үшінші елге орындалатын ұшуларын Украина аумағынан тысқары бағыттармен жүзеге асыруға мәжбүр. «ЮТэйр» компаниясы да өз рейстерін осы жылдың маусымынан бері соғыс жүріп жатқан аумақтан тысқары бағыттар арқылы орындауда.
Сарапшылардың пікірінше, туристік маусымның нағыз қызған шағында бағыттарға өзгерістер енгізу салдарынан авиакомпаниялар шығынға ұшырайды. «ВТБ Капитал» сарапшысы Елена Сахнованың айтуынша, ресейлік тасымалдаушылардың ішінде ең ірі бағыт желісі бар «Аэрофлот» көп қаржысынан қағылады. «Өйткені бағыттарды өзгерту туралы шешім шілдеде қабылданып отыр. Ал қалған жарты жылдың ішінде компания 35 млн. доллардан қағылуы мүмкін», - дейді ол.
Ал «Аивапорт» агенттігінің бас редакторы Олег Пантеллев стандартты 150 орындық әрбір ұшақтың жарты сағат артық ұшуы шамамен 500 доллардың отынын қосымша шығындайтындығын айтуда.
Айта кетейік, «Амстердам - Куала-Лумпур» бағытында ұшқан Boeing 777 бейсенбі күні кешке Донецк облысында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында болған 298 адамның барлығы қаза тапты.