Табиғат жанашылары жарқанаттардың көбейіп, өсіп-өнуіне жағдай жасауды мақсат тұтып отыр. Себебі украин жерінде мекендейтін бұл қолқанаттылардың көп түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Табиғат қорғаушылар мен экобелсенділердің арқасында мыңға жуық жарқанаттың жылы ұясын әзірлемек. Олар қазірдің өзінде 70 орын дайындап қойған. Алайда мекендеушілер бірден пайда бола қоймайды. Жарқанаттардың ұяға бас сұғуы үшін олар алдымен жауын шайып, орман иісі сіңіп, экожүйенің бір бөлшегіне айналуы тиіс.
«Көбіне жарқанаттардың көбеюіне ыңғайлы орындар жетіспейді. Бұл құстарға ерекше жағдай жасалуы керек. Табиғатта олар жартас пен шатқалдардағы тастардың арасын паналайды. Қалада да тұрар еді. Бірақ шуға сезімтал құстар ондағы қысымға шыдай алмайды. Сондықтан оларға арнайы ұя қажет», - дейді экожоба үйлестірушісі Живодана Жарикова.
Сырт көзге жарқанаттардың орны қараторғайға арналған ұяға ұқсайды. Бірақ оларға есік алдынан емес, астынан орнатылады. Бұл құстардың өз мекеніне осылай кіретіндігінен ғана емес, сонымен қатар артық жарық түспес үшін жасалған. Сонымен қатар құстар салбырап ілініп тұратындай кертіктері де бар. Ал ұяны кез келген талға, ыңғайы келсе, қылқан жапырақтысына орнатқан абзал.
«Ұяны шама келгенше жоғары қойған дұрыс. Бұл оларға жыртқыштар шабуыл жасамас үшін қажет. Әрі кей жарқанаттардың мекенін биік салатындары болады. Бір талға бірнешеуін де орнатуға болады. Сондай-ақ оңтүстік жақтан ұшып кіргенге дағдыланған бұл құстарға кедергі келтіретіндей бұтақтардың болмағаны абзал», - дейді «Голосеевский» ұлттық табиғи саябақтың қызметкері Андрей Хрутьба.
Жарқанаттың ұясын шеберге 3 долларға тапсырыс беріп немесе өз қолыңмен де жасауға болады. Әзірге белсенділер шараны өздері ғана жүргізіп жатыр. Келешекте табиғатты қорғаушылар Украина ормандарында тиін, үкі және басқа да құстар мен жәндіктерге ұя салуды көздеп отыр.