Украинада терактіден зардап шеккендер арасында Жоғарғы рада депутаты бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киевте жарылыс салдарынан бір адам қаза болып, төртеуі жарақаттанды. Бұл туралы Киев прокуратурасының өкілі Павел Кононенко мәлім етті, деп жазады ТАСС .

«Жарылыс салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың бірі ауруханада көз жұмды», деді ол Украинаның "Общественное ТВ" телеарнасының эфирінде.

Кононенко мәлім еткендей, 1986 жылы туған арнайы мақсаттағы жасақ қызметкері қаза болды. Жарақаттанғандар арасында Радикалды партиядан сайланған Жоғарғы раданың депутаты Игорь Мосийчук, полиция қызметкері, патрульдік-бекет қызметінің өкілі және әйел адам бар.

Дәрігерлер Мосийчукқа операция жасады. Оның аяқ-қолдары, арқасы мен іш қуысы жарақаттанған. Өзге зардап шегушілер жарқыншақтардан түрлі ауырлық дәрежесінде жарақаттар алды.

Хабарланғандай, сәрсенбі күні кешке Мицкевич көшесіндегі Экспрессо телекомпаниясы кеңсесінің жанында жарылғыш зат орнатылған мотоцикл жарылған. Жарылыс барысында Мосийчук телекомпаниядан шығып келе жатқан.

Кейін тергеу қызметтері жарылысты терракті деп бағалады . «Мицкевичтегі жарылыс бойынша тергеу ісі Украинаның қауіпсіздік қызметіне берілді. Процессуалды басқаруды Украинаның бас прокуратурасы жүзеге асыруда. Қылмыстық кодекстің 258-інші бабы - «лаңкестік акті», - деп жазды Украина Іішкі істер министрінің кеңесшісі Зорян Шкиряк Facebook парақшасында.

Фото Украина ІІМ басшысының кеңесшісі Антон Геращенконың Facebook-тегі парақшасынан алынды.