Украинадағы қақтығыс «жаһандық» сипат алды — Макрон мәлімдемесі

Фото: Фото: dw.com

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон «Украинада кең ауқымды соғыс жүргізіп жатқан Ресей бүкіл Еуропаға қауіп төндіргенін» мәлімдеді, деп хабарлайды dw.com. 

Сәрсенбі, 5 наурызда халыққа арнаған телеүндеуінде ол Ресейдің Солтүстік Корея сарбаздары мен ирандық әскери техниканы қолдану арқылы Украинадағы соғысты «жаһандық қақтығысқа» айналдырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Макронның айтуынша, Ресей өзінің әскери әлеуетін белсенді түрде арттырып отыр. 

— Ресей Украинамен тоқтайды дегенге кім сенеді? Ресей қазірдің өзінде Франция мен Еуропаға қауіп төндірді, — деп мәлімдеді Франция президенті.

Макрон АҚШ-тың «біз жақта болатынына» сенгісі келетінін, бірақ Еуропа керісінше дайын болуы керек екенін атап өтті. Француз көшбасшысы Дональд Трамп президенттік қызметке кіріскеннен бері Ресей мен АҚШ арасындағы жақындасуды «жаңа дәуір» деп атады.

Франция еуропалық одақтастарын ядролық қарумен қорғау мүмкіндігін қарастырады, деп мәлімдеді Макрон. Ол сондай-ақ Еуропадағы ядролық тежеу мәселесі бойынша «стратегиялық пікірталасқа» қатысты пікірін айтып, ГФР болашақ канцлері болуы мүмкін Фридрих Мерцтің (Friedrich Merz) Берлин, Лондон және Париж арасында Еуропа құрлығындағы ядролық қауіпсіздік мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуге «тарихи үндеуін» еске салды. Эмманюэль Макрон Францияның ядролық қаруын қолдану туралы кез келген шешімді республика президенті шығаратынын қосып өтті.

Үндеу барысында Франция президенті келесі аптада Парижде Украинаға бітімгершілік күштерін жіберу арқылы бейбітшілікті қамтамасыз етуге дайын Еуропа елдері әскерлері бас штаб басшыларының кездесуі өтетінін хабарлады. Макронның атап өтуінше, бұл әскерлер болашақ бейбіт келісімнің сақталуын бақылау үшін Украинаға орналастырылуы мүмкін.

— Олар бүгін соғыспайды, майданда соғыспайды, бірақ бітімгершілік келісімге қол қойылған кезде оның толық сақталуын қамтамасыз ету үшін сонда болады, — деді Франция президенті.

Сонымен бірге, Макрон Украинадағы бейбітшілікті «Ресейдің бұйрығымен және ешбір бағамен құруға болмайтынын» және соғысты тоқтату туралы келісім «Украинаның капитуляциясын білдірмеуі» керектігін атап өтті.