Украинадағы гуманитарлық жағдайды Еуроодақ ішкі істер министрлері талқылады

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Жексенбі күні ЕО Әділет және ішкі істер кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, онда Украинадағы жағдайдың гуманитарлық салдары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет және ішкі істер кеңесі Еуропалық одаққа мүше 27 елдің ішкі істер министрлерінен тұрады.

«Жағдайды бақылау, ынтымақтастық шараларын үйлестіру және барлығын тарту мақсатында ЕО-ның саяси дағдарысқа кешенді жауап беру тетіктерін жандандыру туралы шешім қабылданды. Бірінші техникалық жиналыс дүйсенбі, 28 ақпанда шақырылады», - делінген Еуропалық Комиссияның хабарламасында.

Кездесуге қатысқан министрлер келесі аспектілерге назар аударды: Украинаға гуманитарлық қолдау көрсету, ЕО-ның сыртқы шекараларын басқару, босқындарды қабылдау, визаларды беру бойынша бірлескен шаралар.

Украинадағы жағдай Еуропалық Одақтан пана іздеген адамдардың көбеюіне әкелді. Босқындарды қабылдау Украинамен шекаралас бірнеше одаққа мүше мемлекеттерде ұсынылды. ЕО министрлері ЕО үйлестіруімен осы мәселеде көмек сұрайтын мүше мемлекеттерге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

«Біз оларды мигрант деп атай алмаймыз, олар соғыстан қашқан босқындар. Бұл трагедияның гуманитарлық аспектілері бізді қатты алаңдатады және біз оларды қабылдайтын елдерді қолдау үшін тез әрекет етуіміз керек. ЕО-ның азаматтық қорғау механизмін іске қостық және 18 мүше мемлекет Украинаға маңызды гуманитарлық жабдықтарды жібереді. Украинадан кететін адамдардың саны артып келеді», - деді еуропалық дипломатия басшысы.