Украинадағы жағдайды реттеуде ЕҚЫҰ-ның миссиясы ерекше - Е. Ыдырысов
13:59, 28 Сәуір 2014
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Украинадағы жағдайды реттеуде маңызды рөл атқарады.
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесу барысында министр Ерлан Ыдырысов айтты.
«ЕҚЫҰ-ның бүгінде Украинадағы жағдайды реттеуде аса маңызды миссиясы бар. Барлығымыз Женева келісімдері өз нәтижесін береді деп үміттенеміз. Өйткені Женева келіссөздері аясында ЕҚЫҰ-ға аса үлкен мән беріледі. Осы ұйымға және оның Бас хатшысына аталған аса маңызды миссияны орындауда сәттіліктер тілейміз», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан әр уақытта Украинадағы жағдайдың тез арада оңалуына тілекші болып келеді.
«Украина біздің маңызды әрі ежелгі әріптесіміз, сондықтан біз ондағы дағдарыстың тез арада артта қалып, Украина қайтадан дамудың даңғыл жолына түскенін қалаймыз», - деп атап өтті Е. Ыдырысов.