Украинадағы жедел мәліметтерде Қазақстан азаматтарының есімдері анықталған жоқ - Қазақстан консулы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Украинадағы консулдығы «ҚазАқпарат» тілшісінің сол елдегі Қазақстан азаматтарының тағдыры жөнінде жіберген ресми сауалына жауап қайырды.

Қазақстанның Украинадағы консулы Денис Кимнің хабарлауынша, қазіргі уақытта Украинада 1287 Қазақстан азаматы тұрақты мекенжай бойынша тұрып жатыр. Сонымен қатар қолда бар соңғы ақпараттар бойынша 177 студент тәлім алуда.

«21 ақпан күнгі жағдай бойынша Украинаның құзырлы органдарынан қақтығыстар кезінде жапа шеккен Қазақстан азаматтары туралы ресми мәліметтер консулдық бөлімге келіп түскен жоқ. Сондай-ақ СІМ, ТЖМ, ІІМ мен Денсаулық сақтау министрліктерінің жедел мәліметтерінде Қазақстан азаматтарының есімдері анықталмады», - деп жазады Д.Ким.

Сонымен қатар оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жөнінде сұрақ тұрған жоқ. Дегенмен, Украинадан кетуді шешкен әрбір қазақстандық бұл елден еркін шығып кете алады.

«Борисполь» әуежайы штаттық режимде жұмыс жасауда, оған барар жол ашық. Киев метросының қызметі де жанданды. Сондай-ақ 21 ақпан күні Украинаның барлық темір жол бағыттары ашылды. Киевте азық-түлік орталықтары қалыпты жағдайда істеп тұр. Азық-түлік өнімдерінің тапшылығы да байқалмайды. Жанар-жағар май бекеттеріндегі дүрлікпе де азайды», - дейді консул.

Сонымен қатар консулдық бөлім азаматтарға және студентерге Киев орталығына бармауға және Украинаның өзге де қалаларында адам көп шоғырланған жерлерде жүрмеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Украинадан Қазақстанға ұшуды жөн деп тапқан студенттерге әуежайға дейін көлік ұсынылды. Консулдық қызметте 0444891858 нөмірі бойынша тікелей байланыс желісі ашылды. Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтары осы нөмір бойынша негізінен кеңес алу үшін қоңырау шалуда.