Украинаға әуе сапарларын жасау шешімін әуе компаниялары біржақты тәртіпте өз еркімен қабылдауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинаға әуе сапарларын жасау шешімін әуе компаниялары өздері жасайды. Бұл туралы бүгін ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұхтыбаев айтты

Баспасөз мәслихаты барысында «ҚР Көлік және коммуникация министрлігі еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі мақсатында қазақстандық әуе компанияларына Украинаға ұшуға тыйым сала ма?» деген сауал қойылды.

Өз кезегінде комитет басшысының орынбасары ведомство тек ұсыныс жасайтынын атап өтті. «Белгілі бір бағдарлар бар. Қазіргі кездегі әуе сапарлары апат орын алған аймақты айналып өтуде», - деді ол.

Оның пайымынша жақын арада еуропалық қадағалау, Украинаның авиациялық билігі, Халықаралық авиациялық комитеті тарапынан аталған елдің әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндігі тұрғысында ұсыныс жасайды.

«Қазіргі уақытта Украина әуе кеңістігін пайдалану немесе оның аумағында қону бойынша әуе компаниялары біржақты тәртіпте өз еркімен шешім қабылдауда», - деді С. Мұхтыбаев.

Оның айтуынша, Украина аумағы арқылы қазақстандық әуе компаниялары ішінде «Эйр Астана» ғана ұшқан және кейбір кездерде чартерлік рейстер жасалып отырған.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі қазақстандық және шетелдік транзиттік әуе компанияларға Украинаның әуе кеңістігін пайдаланбау туралы ескертті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше Boeing-777 Malaysia Airlines Ресей шекарасының қасындағы Украина аумағында құлады. Лайнер Амстердам - Куала-Лумпур бағытында ұшқан. Оның бортында 298 адам - 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі болды. Лайнер 17 шілдеде шамамен сағат 17:25 мск-те Ресей шекарасынан асып өтуі тиіс еді.